Журналист Әсем Жапишева қазақ тілі мен мәдениетінің жаңа деңгейге өтуіне уақыттың қалай ықпал еткенін пайымдайды.

Құлаққабы Qazaq Indie, үстінде Qazaq Republic свитшот, қолында — Botelke, attitude — Ozinshe — бұл соңғы бірнеше жылдағы креативті жас қазақстандықтың немесе өздері терминнің мағынасын түсіне бермесе де, дәл солай деп атайтын — «хипстердің» портреті. Қазақ тілі мен латын әліпбиі күнделікті тұрмыста басымдылық танытып, ал өнер — сырттағыға еліктеуден гөрі елдің ішіндегісін көбірек сипаттайтын болды.

Бір жағынан, қазақ тілі ықпалының елеулі түрде артуы — демографиялық трендтер мен қоғамдық көңіл күйдің бейнесі ғана болса, екінші жағынан — жеке-жеке қоғамды бір ортаға түйістіретін және түрлі топтағы адамдар соңғы 30 жылда болмаса да, 10 жыл бойы анық ұмтылған — сананың отарсыздануының нәтижесі.

Демография және латын әліпбиі

Мәдениет пен қоғамда қазақ тілінің күшейіп, қазақ тілінде сөйлейтін көптеген қосалқы мәдениеттердің пайда болуына бірінші кезекте, әрине, демография ықпал етті. Бала туу көрсеткішінің артуы және қазақ тілді тұрғындардың қоныс аударуы, біріншіден, өте көп. Екіншіден, ол елді әжептәуір жасартты. 2008 және 2018 жылдар аралығында орыс тілді мектеп оқушыларының саны 918 мыңнан 395 мыңға төмендеді, алайда оқушылардың жалпы саны 2,5 миллионнан үш миллионға дейін артқан.

2001 және 2017 жылдар аралығында университеттерде қазақ тілді оқу бөлімін таңдаған абитуренттер саны екі есе көбейген — 30 %-дан 63 %-ға дейін. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік телеарналарда даталанатын көлеңкеден шығуы демографиялық тұрғыда бастау алды — және креативті топ бұл бастаманы іліп ала жөнелді.

Осындай мысалдардың бірі — Назарбаев Университеті студенттері шығаратын самиздат журнал Wake Up Kazak. Журнал 2019 жылдың басынан шыға бастады және толықтай өзекті ғылыми, саяси және әлеуметтік-экономикалық мақалалардың қазақ тілді аудармасынан тұрады. Басылымнан қазақ тілді БАҚ мүлде қозғай бермейтін эвтаназия, жасанды зейін және исламдық феминизм туралы тақырыптарды кездестіруге болады.

Екінші жағдай: өзін-өзі танудағы тоқырау. «100 жылдық жалғыздық» (Қазақстандағы мәдени отарсыздану және оның көркем формалары) мақаласында өнертанушы Валерия Ибраева Қазақстанның кәсіби мәдениеті үшін өзін-өзі тану мәселесі қай уақытта болмасын өзекті болды деп жазады.

«Қазақстан — территориясы Ұлы қытай қорғаны мен Кремль қабырғасының ортасында жатқан ел. Тек географиялық шекараны белгілеумен ғана шектелмейтін осы екі алпауыттың арасында, үлкен көркемдік әлемнің көзіндегі қарашықтай болып Қазақстан мәдениеті жатыр (…) Жоқтан пайда болған тың дүние ретінде кәсіби мәдениет жергілікті жағдайға бейімделу процесін басынан өткеруі тиіс болды. Сонымен қатар, меңгерудің жылдамдатылған процесі әлемдік мәдени мұраны жаңа жолға қоюда әжептәуір күрделі механикалық көш — әлемді игерудің жаңа тәсілін бағындырудағы ауыр әрі қиын кезеңі болды».

«Көше» әртістерін, ақындары мен инди-музыканттарын осы сөздің дәстүрлі түсінігіне сай «кәсіпқойлар» деп атай алмасақ та, өнердің өзекті андеграунды және қосалқы мәдениет өмірлік шындыққа жылдам жауап қайтарумен ғана шектелмей, сондай-ақ қоғамдық процестерді жылдамдатқыш ретінде, оларға белсенді, кейде тіпті агрессивті түрде ықпал етіп отырады. Мысалы, «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген батыл акцияны ойлап тауып жүзеге асырған бір топ жас суретшілер дәл осылай жасады. Әлеуметтік өткір көркем наразылық кеше пайда болған жоқ, алайда дәл осы жаңа күштің, әлеуметтік желілер мен түпнұсқалылыққа деген сұраныстың артуына байланысты, қарсылық та бұрынғыдан айқындала түсті.

Қазақ тілі ескірген, көне тілдердің қатарынан манифестер мен жаңа әндердің тіліне айналып шыға келді. Латын әліпбиіне көшу тілдің мәдени ребрендингін одан сайын күшейтіп, оған жаңашылдық пен түпнұсқалылық сыйлады. Латын әліпбиінің назарбаевтық немесе Kazak Grammar белсенділерінің нұсқасы болуы маңызды емес — кез келген түрдегі жаңа қазақ тілі сырт көзге ғана емес, естіген құлаққа да жаңаша қабылданады.

Бұл кеңістікте ұқсастықты іздеу ұлт ретіндегі кеңістіктен идеялар түрінде шықты: этникалық 16 жасар украин қыз төлқұжатына «қазақ» деп жазып берулерін талап етеді, этникалық неміс «qazaq koktemi» жапсырмасын алып митингіге шығады, ал этникалық қазақ Китс пен Бредбериді қазақ тіліне аударады — олардың бәрі бір мәтінде, бір географиялық нүктеде және уақытта, әрі бір ғана жаңа сәйкестік сұрағына жауап іздеу үстінде. Олардың бәріне жеке және ұжымдық ұқсастық керек; оларды ортақ қылатын дүние. Басқаша айтқанда, осы ұжымдағылар өздерін бірегей қылатын сырттан ықпал ететін (табиғат заңы, логика) өзгерістерге берілетін адамдар ма?

СУРЕТ: Мұрал Сәуле Сүлейменова және Қуаныш Базарғалиев Алматыда

Қазақ тілінің және өзіне сын көзбен қараушылықтың ықпалы артып келе жатқанын осы тақырыпқа қатысты ғылыми жұмыстар көлемінің күрт өсуінен де байқауға болады. Мысалы, «Қазақстандық жастардың тілдік идеологиясы: қазақ тілінің құбылмалы лингвистикалық нарық мәнмәтініндегі құндылығы» диссертациясының авторы Гүлнар Ақанова астаналық жастардың тілге деген қарым-қатынасын зерттеді.

«Ұлы адамдарды тыңдағанда, басшылық қызметтегі адамдардың сұхбатын естігенде олар үнемі сөз арасында белгілі бір citation қосып отырады. Мысалы, „Қазақтар айтаты ғой…“ немесе „Ағасы бардың жағасы бар, апасы бардың…“ ары қарай есімде жоқ, сол секілді тіркестерді қосады. Міне, олар осындай цитаталарды қосып, мағынасын түсіндірген кезде бұл оларды менің алдымда credible қыла түседі. Бұл шабыттандырады».

Негізі, «қазақ хипстерлерінің» үш тілділігі — жеке зерттеуге тұрарлық және жеке мақала боларлық тақырып.

Айтыс-батлдар, Q-Pop және Qazaq Indie

Қазақ тілді арт-орта бұрындары да болған, дегенмен де оның шарықтау тұсы екі мыңыншы жылдарға келеді, өнертанушы және «Алматының Арт Атмосферасы» кітабының авторы Зитта Сұлтанбаеваның айтуынша, бұл белсенділік — сыртқы сұранысқа жауап.

«Екі мыңыншы жылдардағы тенденция — бұл біздің суретшілердің өнімдерін шетелге экспорттау, өйткені ішкі сұраныс жоқтың қасы…»

Екі мың оныншы жылдарға қарай сұраныс ішкі жақтан туындады және басты көрермен шетелдік галереялар немесе MTV арнасында көрсетілген Тәкежанның клипі секілді шетелдік телеарналар емес, өзіміздің көрермен және тыңдарман болды.

Бұл тұста ең танымал тұлғалардың біріне Ғалымжан Молданазаров айналды. Ол дыбысталуы шетелдік синтипоп болғанына қарамастан, 80-ші жылдардың стиліндегі ностальгиялы клип түсірді. «Ақпен бірге» видеосында ауылдың жастары спорт залындағы дискотекада билеп, ауданның жігіттері кім мықтыны анықтайды — тіпті, бұрын ауылда тұрмаған және ондай жайғдайды басынан кешірмегендердің өзіне месседж түсінікті болды. Қазақ тілді инди-музыканың кеңінен таралуына жалғыз Молданазаров ықпал етті деуге болмайды, соңғы алты жыл ішінде оған бірнеше фактор әсер етті — әлеуметтік желілер мен музыкалық қызметтердің көп болуы, музыка жазудың күрт арзандауы және жоғарыда сөз болған демография. Әйтсе де, өзі үлгі көрсете отырып, әнді ағылшын немесе орыс тілінде жазбай-ақ заманға сай әрі танымал бола алатыныңа көз жеткізген дәл осы әнші. Әрине, бұл тұста жаппай танымал болу туралы сөз қозғап отырған жоқпыз.

Бұл келесі музыкалық ұжым — Ninety One тобы мен оның продюсері — ORDA тобының бұрынғы әншісі — Ерболат Беделханның қолынан келді. Топтың тарихы 2015 жылы дебютті «Айыптама» синглінен басталды. Корейлік K-pop жарынан калька ретінде алынған Q-pop жанрында ән айтатын және дәл сол стильде киініп, өздерін соған сай ұстайтын жігіттер бірден көпшіліктің назарына ілікті. Тыңдарманның көңілі еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жанкүйерлер түрінде жағымды жағынан да, оларды қабылдай алмаушылық түрінде жағымсыз жағынан да көрініс тапты. Нәтижесінде топтың концерттеріне бірнеше рет тосқауыл қойылғандықтан, Катерина Суворова «Біз өз әнімізді саламыз» деген деректі фильм түсірді. Фильмнің тұсаукесері жақын арада олардың елді аралап шығуы аясында үлкен экрандардан көрсетілетін болады.

Алайда топқа қатысты барлығы салыстырмалы түрде жақсы аяқталды. Барлық халықтық танымалдылыққа ие болған басқа да адамдар секілді, олар да «Нұр Отан» партиясына кіріп, олардың әншісі, тіпті, құрылтайда сөз сөйлеп, өте маңызды сөздерді айтты:

«Кей қалалар мен алаңдарда біздің шығармашылығымызға қарсы шыққандар болды. Сөйтсек, заманауи әртіс болып, шоу көрсетіп, шынайы болу 21-ші ғасыр қазақтарына тән емес екен. Біздер 21-ші ғасыр және біздің менталитетіміз бен мәдениетіміз бір-біріне сай емес деген тосқауылдарға тап болдық. Мен мұнымен толықтай келіспеймін. Қазақтарға мәдениетсіз болу жараспайды, бірақ заманауи болуға болады. Осы жерде: батыстық мәдениет біздікінен несімен ерекшеленеді?» деген сұрақ туындайды. Батыстық мәдениет заманмен қатар жүреді және жетіліп отырады, сондықтан да ол бүкіл әлемнің жастарына қызықты. Егер біз мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды жоғары деңгейге көтеруді қаласақ, жастардың да мүддесін ескеруіміз керек. Яғни, қазақ мәдениетін заманауи трендтерге бейімдеу қажет».

Осындай бейімделулердің тағы бір үлгісі андерграунд айтыс-батлдар

Өнерге қатысты айтылған, ол — қоғамдағы өзгеріс пен сұранысқа берілген жауап деген анықтамамен келісер болсақ, заманауи қазақстандық қосалқы мәдениеттің бұл сұранысқа проактивті жауап беріп жатқанын және бұл сегменттің бұдан да өсе түсетінін аңғару қиын емес. Егер алдағы бес жылда сіз онымен бірге болуды қаласаңыз, барлық сылтауды сырып тастап, қазақ тілін үйренетін уақыт жетті. Егер бұл да сізді көндіре алмаса, келесі анық белгілі емес бес себепті де назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақ тілін үйренудің 5 анық белгілі емес себебі:

21 ғасырдың соңына қарай 50-ден 90 %-ға дейін тілдер жойылып кетеді. Тіл ол тілде сөйлейтін соңғы адам қайтыс болған кезде ресми түрде жойылған болып саналады. Егер қазақ тілі осы тілдердің қатарына енсе және сіз тарихта қалуды немесе тарихи артефактіні сақтаушы атануды қаласаңыз, тіл білу — тамаша тәсіл;

Анықтамаларды, құжаттарды тез алып, мәселелерді «тез шешу» үшін;

Айтыстар мен рэп-айтыстарды тыңдап, теңеулердің барлық астары мен мағынасын түсініп, сондай-ақ не себепті 10 маусым күні жүздеген адамдардың Заитов үшін алаңға шыққандарын білу үшін;

Көшелердегі жарнамалар мен маңдайшалардың қаншалықты нашар аударылатынын білу үшін;

Нейронды байланыстардың мөлшерін арттырып, өзіңді Альцгеймерден құтқару үшін.