Оралмандар деп басқа мемлекеттерден Қазақстанға қайта оралған этникалық қазақтарды атаймыз.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 1991 жылдан 2015 бірінші тоқсанына дейін Қазақстанға 259 539 отбасы немесе 953 908 этникалық қазақ қайта оралып, оралман мәртебесін алған.

Олардың 61,5 %-ы Өзбекстаннан, 14,3 %-ы Қытайдан,  9,3 %-ы Моңғолиядан, 6,8 %-ы Түрікменстаннан, 4,6 %-ы Ресейден, ал  3,5 %- ы басқа мемлекеттерден көшіп келген.

Оралмандарға қатысты пікірлер әр түрлі: олар кейбір артықшылықтарға ие болады, жерімізді, ақшамыз бен жұмыс орындарымызды ұрлап жатыр деген көзқарастар кездеседі. The Village Казақстан редакциясы Қазақстанға қайтып келген үш қытай қазағымен кездесіп, олардың Қазақстанға қатысты пікірлерін анықтады. Сонымен қатар, олар балалық шақтары, отбасы және өзін-өзі анықтау жайлы айтып берді.

Фотосуреттер

Әсем Жілкібаева

Дархан Серік, 23 жаста

Қазақстан туралы алғаш рет сол кезде Алматы демалып жатқан немере әпкемнен білдім. Үйдегі үлкендер отанымыз жайлы жиі әңгімелесетін, бірақ әңгімелері тек саясат пен әлеуметтік өмір жайлы болғандықтан, мен олармен қызықпайтынмын. Әпкем Қазақстанда оқушылардың тек жарты күн оқитынын айтқанда, сол жерге баруды арман ете бастадым, себебі Қытайда күніне 8-10 сағат оқитынбыз. Ата-анамды мені сол жаққа біржола жіберуге қалай көндіремін деп ойлай бастадым. Алғаш рет Алматыға 2001 жылы бардым. Қытайға қайта оралып, мектеп, қала мен «Мир фантазия “Айя» жайлы ұзақ әңгіме айтып бердім.

Біз Үрімшінің жанындағы кішкентай қалада тұрдық. Әкем басқармада, ал анам университетте оқытушы болып жұмыс істеді. Бізді ешкім шеттеткен емес, біз де қашқақтамай, барлығымен тату-тәтті араластық.  Қытай маған ешқашанда бөтен болып көрген жоқ: мен сол жерде дүниеге келіп, ер жеттім. Біз Қазақстанға жер немесе жұмыс тартып алу үшін оралмадық, әкем біздің ата-бабалардың отанында өскенімізді қалады.

Мен отбасыммен Алматыға 2006 жылы көшіп келдім. Бізден бұрын осы жерге ағам отбасымен, ата-әжеммен оралған болатын. Ата-анамның отбасыларының Қытайға көшіп келу хикаялары әр түрлі. Анамның бабасы 1916 жылы кулактардың мүлкін тәркілеу кезінде Қытайға көшіп келген, ал әкемнің бабасының ауылы, Тарбағатай маңайы, Қазақстан-Қытай шекарасы белгілене бастағанда Қытай аумағында қалып қойған. Бабаларым мал шаруашылығымен айналысып, балаларын біліммен қамтамасыз еткен. Әкемнің де, анамның да отбасыларында алты баладан бар және әрқайсысы ЖОО бітірген.


Біз Қазақстанға жер немесе жұмыс тартып алу үшін оралмадық

Ағам екеуіміз әулетіміздің Қытайда өскен үшінші буынымыз. Бұған қарамастан, отбасымызда ешкім шыққан тегін ұмытқан емес: үйде қазақша сөйлейміз, бірақ кейде қытай сөздерін қолданамыз, яғни шала қазақша.


Үйде қазақша сөйлейміз, бірақ кейде қытай сөздерін қолданамыз, яғни шала қазақша


Мен ең басында қазақ тілін меңгеру жағынан қиыншлықтарға тап болдым, себебі бесінші сыныпқа дейін қытай тілінде оқып келдім. Қазақша сөйлей алатынмын, бірақ әрең жазып, әрең  оқитынмын. Алтыншы сыныптан бастап Алматыда оқыдым. Басында қатты қиын болатын. Мұғалімдер түністікпен қараса, ал сыныптастарым күлетін, «китаец» деп мазақтайтын. Бір күні шыдай алмай, сынып атаманымен төбелесіп қалдым. Оны жеңгеннен кейін, маған ешкім тиіспейтін болды, жігіттер мені құрметтей бастады, кейін достасып кеттік.

Тоғызыншы сыныпта менде достар көбейе бастады. Сол жылы ғана Қазақстан менің отаным екенін сезіне бастадым, барлығына үйренсіп кеттім.

Мен өз өткенімді, Қытайдан келгенімді жасырып, ұмытпақшы емеспін. Ол менің тарихымның, менің мінезімнің бір бөлшегі. Қытай тілін жақсы білгендіктен, балаларыма қытай тілін өзім үйретпекшімін, себебі болашақта оларға тіл білімі қажет болады.

Жәнібек Керей, 21 жаста

Мен Қытайда дүниеге келдім, бірақ әрқашанда Қазақстан менің тұратын жер екендігін білетінмін. Әкем мен туылмай тұрып көшіп келгісі келген екен. Сол себептен кішкентай кезімнен бастап маған қазақ тілін үйрете бастады, үйге кітаптар әкелетін, Қазақстанды дамыған, еуропалық ел деп әңгіме айтатын.

2000 жылдар басында Қазақстандағы оралмандар жайлы әңгімелер еститін едік. Қытайдағы Қазақстан елшілігі қытайлық қазақтармен айналыстпайтын: біз жіберген өтініштерімізге жауап алмайтынбыз, бізге репатриация жайлы кеңес бермейтін. Қытай бизнесмендері визаны бізден тезірек алатын еді. Таныстарымыз тұру ықтиярхат алу үшін Қазақстанда екі жыл, ал азаматтық алу үшін бес жыл тұруымыз керек екендігін айтып берді. БАҚ хабарлары бойынша, мемлекет оралмандарға квота төлеп, тұратын үй мен жұмыс орындарын береді-міс, ал шындығында олай емес. Біз бұны кейін түсіндік.


Тұру ықтиярхатын немесе азаматтық алу үшін делдалдарға хабарласуыңыз керек

Біз Қазақстанда заңның үкімі жоқ екендігіне дайын болдық. Таныстарымыз барлығын ақшамен шешуге болатынын айтқан еді. Тұру ықтиярхатын немесе азаматтық алу үшін делдалдарға хабарласуыңыз керек. Ақшасын төлесең болды, қалғаны орындалады. Мен осының бәрін ақша төлемей, өзі жасаған оралман көрмедім. Осылайша біз екі жылдан кейін азаматтық алдық.

2005 жылы Қазақстанға көшіп келдік. Жергілікті қазақтар қазақша сөйлемейтін. Сол кезде Шахановтың, «Алаш» ұлтшылдық идеялары танымал болатын, мен де осы қозғалыстың артынан ердім: енді орысша сөйлемеймін деп шештім. 2009 жылға дейін Алматыда тұрдым, тек қазақша сөйледім. Cодан кейін Астанаға барып, тек қазақша сөйлеп ештеңеге жете алмайтынымды түсіндім де, 2011 жылдан бастап орыс тілін үйрене бастадым. Басында ұялатынмын, бірақ кейін бұл ұялшақтығымды жеңе алдым: мен қазақпын және орысша мінсіз сөйлеуге міндетті емеспін. Осылайша орысша көп сөйлей бастадым, соның арқасында қазір үш тілды жетік білемін, табыс табамын.


Мен қазақпын және орысша мінсіз сөйлеуге міндетті емеспін


Қытайда Қазақстан деген ел, ТМД деген ұйым бар екендігін білмейтін адамдар әлі күнге дейін бар, олар үшін тек КСРО ғана бар. Көп адамдар Қытайдың білімі мықты деп ойлайды. Бірақ шындығында көп қытайлықтар жоғарғы білім ала алмайды, тіпті мектеп бітірмейтіндер де бар. Әдетте 13-14 жасар оқушылар өздеріне ұста-оқытушы тауып алып, қолөнер кәсібімен айналысады.

Қытай - менің отаным дегенде, қазақстандықтар мені қате түсінеді. Біздің әулетіміздің ішінде тек менің отбасым Қазақстанда тұрады. Атам әдейі келмей жүр, себебі, оның ойынша, Алтай мен Құлжа арасындағы Қытайдың батыс аумағы кезінде қазақ жері болған. Оның әкесі сол жерде жерленген, барлығымыз Алтай өңірінде дүниеге келдік. Атам Қазақстанда қайтыс болатын болса, денесін Қытайға апара алмайтынымызды біледі, ол ата-бабаларының жанында жерленгісі келеді. Әр жыл сайын Алтай өңірінде қытай қазақтарының құрылтайы өтеді. Сол жерде Қытайдан барлығы кетпейтіндігі шешілді. Егер барлық қазақ Алтайдан кететін болса, онда олар ата-бабалардың жерінен біржола айырылып қалады.

Дидар Е., 24 жаста

Мен бесінші сыныпқа дейін тек қытайша оқыдым, қазақ тілін меңгеру жайлы тіпті ойламадым. Сол кезде әкем менің өз тегімді ұмытып қалар деп уайымдап, қазақ мектебіне берді. Бірақ ол жерде біз тек араб әліпбиін, төте жазуды, оқыдық. Басында қазақша жазу, үй тапсырмаларын жасау қиын болды, бірақ оған қарамастан, мен өзімнің кім екендігімді сезіне алдым.

Кішкентай кезімнен бастап музыкаға қызықтым. Мені Джей Чжоу деген әнші шабыттандыратын: ол батыс және шығыс музыкасын араластыра отырып, өздіндік бір стильде әндер шығаратын. Мен де осындай бір туынды жасағым келді, бірақ Қытайда бұл мүмкін емес еді - әр индустрияның басында міндетті түрде қытайлық тұрады. Қазақтар басқармада жұмыс жасай алады, бірақ жоғарғы лауазымға ие бола алмайды. Ағам Қазақстанда музыка қарқынды дамып жатырғандығын айтқан еді. Ал мен Қазақстанды бір барахолка ретінде елестетінмін, ол жерде дамып жатырған ештеңе жоқ деп ойлайтынмын. Өткен жылы келген кезде Қазақстан жайлы қате пікірде болғанымды ұқтым.


Бірақ мен қазақтардың қазақша сөйлемейтіндігіне үйрене алмадым

Алматыны аралағанымда жергілікті тұрғындардың қаншалықты жылы шырайлы адамдар екенін көрдім. Қытайда басқаша - көшеде біреуге сұрақ қойсақ, олар жауап бермей, өтіп кете береді. Ал мұнда кез келген адамнан жолды сұрасаң, қуана-қуана көрсетіп жібереді. Бірақ мен қазақтардың қазақша сөйлемейтіндігіне үйрене алмадым. Біреумен танысуым керек болса, орыстілді достарымды шақыруға тура келеді.

Алматыда мен түсінбейтін жағдайларға кезік боламын. Бір күні бір досым көшеде кетіп бара жатырып, жерге түкірді. Шынымды айтатын болсам, мен жігіттердің қылықтарын түсінбеймін, көшеде жалғыз сен емес, мыңдаған адам өтіп жатыр. Сонымен қатар, көшеде араққа ақша сұрайтын адамдарды да кездестіремін. Бір күні ағам екеуімізге ұқыпты киінген, бірақ арақ сасыған бір еркек келіп, жолға ұсақ ақша сұрады. Қытайда мұндайды сирек кездестіресің.

Қазақстандағы музыка саласына қатысты үмітім ақталмады. Бұл жерде музыканттар мен әншілер батыстық стильде өнер көрсетіп жүр деп ойлайтынмын, шындығында олар той бизнесінде табыс тауып жүр. Бақытыма орай, бір оралман досым андерграунд музыкамен айналысуға өз студиясына шақырды, қазір сол жерде жұмыс істеп жүрмін.

Алматыда көптеген мәселелерді ақшаның көмегімен шешуге болады, сол себептен де маған Қазақстандағы жемқорлық  ұнайды. Ол проблемалардан тезірек құтылуға мүмкіндік береді. Қытайда да сыбайлас жемқорлық бар, бірақ тек жоғарғы билік органдарында ғана пара беруге болады, ал мұнда ақшаның көмегімен кез келген мәселені реттеуге болады.


Маған Қазақстандағы жемқорлық  ұнайды


Мен тек оралмандармен емес, сонымен қатар жергіліктілермен де араласуға тырысамын. Кейде қазақстандықтардың өздері бөлектенеді. Кейбіреулері «Кішкентай сәби жейтіндеріңіз рас па?» деп сұрайды. Бұрын неге осындай ыңғайсыз сұрақтар қояды деп түсінбейтінмін. Ал қазір инстаграмдағы видеодан кейін ұға бастадым,  мұндай нәрсенің тек Қытайдың кейбір жерлерінде кездесетінін айтып жүремін. Өзім де ондай қазақтарды кездестіріп көрген жоқпын.

Мен Қазақстан азаматтығын алып, осы жерде тұрып, музыкалық жағынан дамығым келеді, бірақ ата-анам Қытайда қалып қойды. Олар Қазақстанда жастары 50 жастан асқандықтан, жұмысқа орналасалмайды, сол себептен келе алмайды. Адамдар әр оралманға жер, үй, жұмыс орнын береді деген пікірде, бірақ олай емес: бұл жерде бізді ешкім күтіп отырған жоқ. Егер Қазақстан азаматы болсам, Қытайда ұзақ уақыт қала алмаймын. Тұру ықтиярхатымен Қытайда ұзағырақ қонақ болуға, ата-анаммен көрісуге және Қазақстанда жұмыс жасауға болады. Жұмыс жасап, табыс тауып, осы жерде әкем мен анама үй сатып алып беремін, көшіп келулері үшін барлығын жасаймын. Олардың өз отанында өмір сүріп, қартайғанын қалаймын.