Көптеген қазақ салт-дәстүрлері тарих құрсауында қалса да, кейбіреулері әлі күнге дейін халық арасында сақталған. Олардың кейбіреуі мейрам болса, ал кейбіреуі қыз алып қашу секілді арты жақсылыққа апармайтын дәстүрлер. Біз алып қашудың бес құрбанынан сұхбат алып, оларды «қалай ұрлап кетті» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Барлық кейіпкерлердің есімі олардың өтініштері бойынша өзгертілген.

Гүлмира, 43 жаста, Астана

1995 жылының қысы, 12 ақпан, жасым 21-де болатын. Ол кезде мен астаналық дәріханалардың бірінде жұмыс істейтінмін, сол күні маған Айгүл тәтем қонаққа келген еді. Әрине, оны жақсылап қарсы алғым келді. Бізді осы жақында танысқан Қайрат есімді жігіт мейрамханаға шақырды. Бұған дейін біз тек екі рет көріскен болатынбыз, содан кейін менің артымнан жүгіре бастады. Ол өзінің досымен бізді кешкі сегізде алып кетті, біз Республика даңғылында орналасқан «Ганновер» атты кафеге бардық, бірақ жігіттер ол жерде бос орын жоқ деп, бізді Қорғалжын тас жолына қарай алып кетті. Қайда бара жатырғанымызды сұрағанымда, олар маған «Жанармай бекетіне» деп жауап берді. Жүріп барамыз, жүріп барамыз, бірақ бекеттің қарасы да көрінбеді. Біз қорқып кеттік те, айғайлай бастадық, маған «Сені алып қашып бара жатырмыз» деді де, біздің дауысымыз естілмесін деп, музыка қосып қойды. Сол кезде мен тәтеме «Мен қазір талып қалған сияқты жасаймын» дедім де, аяқ астынан, шынымен есімнен талып қалдым. Жігіттер көлікті тоқтатып, біздерді сыртқа шығарды. Шыға салысымен, қалаға қарай жүгіре бастадық. Бірақ олар бізді ұстап алып, көлікке қайтадан тықты. Тағы да музыка қосып қойды, содан кейін бізді тыңдамады.

Кейінірек үйіне келгенде, көліктен шықпай отырдық, суық, қараңғы болғаны қарамастан үйге кірмедік, қорықтық. Қараңғы түсіп кетті, ауланың барлық жері қар, иттер толы болатын, қашатын жер қалмады. Содан соң істің мән-жайын анықтау үшін үйге кірдік. Табалдырықтан аттай салғанымда, бір әйелдер маған орамал таға бастады. Олар маған «Егер үйден шығатын болсақ, онда өмір бойы бақытсыз болып өтесің» деді. Мен кеткім келді, бірақ кетуге жол бермеді. Сол үйде таңға дейін бір бұрышта барлық бояуым аққанша жылап шықтым. Ата-анам тек келесі күні түсте келді. Үйге кіре салысымен, алып қашу жайлы ауылдағы барлық адамның білетінін айтты. Егер үйге қайтып оралсам, бұл олар үшін масқара болатын еді. Тіпті болашақта мен, «қайтып келген қыз», күйеуге шыға алмас едім. Өсек шығар еді, болашақ күйеуімнің отбасы мені қаламас еді. Сосын отбасымды ұятқа қалдырмау үшін көндім. Иә, бір қысым көрдім және бұл маған бір күйзеліс кезеңі болды. Әрине, қорқынышты болды, бірақ амал жоқ, көндім.

Үйлену тойда  шығарып салу кезінде барлығы жылады. Бірақ той жақсы өтті. Бір жыл өтпей, қызды бодық. Қайтарға жол қалмады. Біраз уақыт өте келе, күйеуіміз екеуіміздің қызығушлықтарымыз, талғамдарымыз әр түрлі екені айқындала бастады. Жұбайым маған жұмыс жасауға тыйым салды. Ол менің тек бала баққанымды қалады, ал өзі табыс тапты. Тіпті ол қызғанбасын деп, өзімнің сыныптастарыммен амандаса алмайтынмын.

Қазір мінездеріміз жараспадықтан, ажырасып кеттік. Алып қашудың тек бір жақсысы - біздің қызымыз. Қызым үшін оны кешірдім. Бір жағынан алып қарар болсақ, ол менің өмірімді өзгертті. Алып қашу ата-баба дәстүріне деген құрмет емес, тек қызды әйел қылып алудың бір тәсілі. Әрине, ол сенімді, жақсы әке болды, мені де жақсы көрді. Бірақ ол алып қашып кетпесе, өмірім қалай болар еді, кім білер? Қайтадан тұрмысқа шыққан жоқпын, қаламаймын да. Егер шығатын болсам, тек өз қалауыммен.


Егер үйге қайтып оралсам, бұл олар үшін масқара болатын еді. Тіпті болашақта мен, «қайтып келген қыз», күйеуге шыға алмас едім.

Ділназ, 37 жаста, Астана

Мен топтастарыммен Қызылордадағы демалыс орнына бара жатырған едім. 2009 жыл болатын. Бірнеше көлік болып жолға шықтық. Жүргізушіміз жолда тағы бір топтасымызды алып кететінімізді айтты. Мен, әрине, ештеңеден күдіктенген жоқпын. Келгенімізде, бір тойға дайындалып жатырған үйді көрдік: адам көп болатын, әйелдер бірдеңелер дайындап жатты. «Не той?» деп достарымнан сұрағанымда, олар күлді де, жауап бермеді. Біз үйге кіргенде, маған орамал таға бастады. Мен қатты қорқып, үйден қашып шыққым келді. Бірақ үйдегілер есікті кілттеп қойған болатын. Олар мені жібергісі келмеді. Апалар «сені бұрыннан танимыз, жақсы келін боласын» деп мені көндіре бастады. Мен жылай бастадым, қатты үйрейлендім. Мен ол үйде қалғым келмеді, менің өміріме, болашақ жоспарларыма не болады? Амалсыздан үстелдің үстінде тұрған пышаққа жармастым, әйелдер маған жабыла кетті, мені тыныштандырып, көндіре бастады, ал мен ата-анамды шақыра бастадым, жыладым, достарым мен күйеу баланы қарғай бастадым.

Ол әйелдерден мені босатуын сұрады да, маған есікті ашты, мен де қаштым. Жолда ұстаған көлікпен үйге қайта оралдым, бірақ ата-анама айтқан жоқпын, мен олар менің қашуымнан ұялар деп үндемедім, қатты қорықтым. Әлі күнге дейін есіме түсіргім келмейді. Жұмыс бойынша Астанаға көшіп барған болатынмын, осы жерде махаббатыма тұрмысқа шықтым, қазір бір ұл өсіріп жатырық. Ал топтастарыммен қарым-қатынастымды үздім, қазір араласпаймыз.

Гаухар, 36 жаста, Астана

Мен болашақ күйеуім Айбекпен төрт ай кездесіп жүрдік, содан кейін ол менімен үйленгісі келетінін айтты. Оның отбасы менің үйіме келіп, маған құда түсті, сырға салды. Бірақ менің ата-анам ұзату тойын жазда өткізуімізді қалады, себебі қаржы жағынан қиыншылықтарымыз болған еді. Айбек болса, жарты жыл күткісі келмеді де, мені үш күннен кейін алып қашатынын айтты. Келіскен күнімізде мен үйден дүкенге шыққандай шығып кеттім, көлігіне отырдым да, кетіп қалдым. Айбектің үйіне келгенде, барлық рәсімді орындадық, некемізді молда қиды.

Әрине, мен ата-анам не дер екен деп қатты уайымдадым. Үйде жалғыз бала болғандықтан, ата-анама бұл жаңалық ауыр тиді: анам жылады, ал әкем менімен бірнеше күн  сөйлеспей қойды, бірақ кейін кешірді. «Алып қашуға» дайындалу барысында мен қатты қобалжыдым: не тамақ іше алмадым, не ұйықтай алмадым, қатты уайымдадым. Бірақ ұзату тойдың болмағанына қарамастан барлығы жақсы, тыныш өтті. Қазір біздің үйленгенімізге 13 жыл болды, үш баламыз бар. Бірақ осылай күйеуге шыққым келмес еді. Барлығын барынша әдет-ғұрыпқа сай өткенін қалар едім.


Алып қашуды кім жасайды? Қыз жүрегін жаулай алмайтын, өзіне сенбейтін жігіт

Егер қос ғашық бір-бірін жақсы көретін болса, келісілген алып қашуға қарсы емеспін. Қызды зорлықпен алып қашу еліміздің оңтүстігінде, тіпті біздің Таразда да кең тарамаған. Бұл дәстүр тек ауылдық елді мекендерде ғана қалды десек болады. Қазір қыздарды олардың келісімімен алып қашады. Көп қыздар некені мәңгілік деп ойлайды, сондықтан да олар өмірін бір сүйіктісіне арнағысы келеді.

Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын. Алып қашуды кім жасайды? Қыз жүрегін жаулай алмайтын, өзіне сенбейтін жігіт. Оның үстіне, бұл - адам ұрлау, қылмыс. Келісімсіз некенің арты жақсылыққа апармайды. Ұрланған қыздың ойынан «Өмірім басқаша болар еді» шықпайды.

Егер қыз сауатты, пысық болса, ол бәрібір ол үйден кетіп қалады. Ал жуас қыздарды жігіттің туыстары көндіреді, оған ол отбасыда қандай бақытты болатынын айтады. Егер қыз көнбей тұрып алса, іс басқаша өрбиді. Апалар оларға психологиялық қысым көрсете бастайды. «Егер кетіп қалсаң, біз де, сен, отбасың да масқараға қалады» немесе тіпті «Біздің табалдырығымыздан аттадың ба, енді күйеуге шықпайсың» деп айтады. Алып қашқан үйде бір түнге де қалуға болмайды. Кішкентай ауылдарда өсек тез жайылады, барлығы бір-бірін таниды. Адамдар қыздың «пәктігіне» күмән келтіре бастайды. Қазақ қыздары бақытсыз некеден гөрі ұяттан қорқады.

Наргиз, 26 жаста, Астана

Болашақ жұбайым мені менің келісімімен алып қашты. Менің Мадимен кездесіп жүргеніме бір жыл толды, ал жасым 19-да еді. Оның үстіне, аяғым ауыр еді. Ата-анамнан қатты ұялдым, оларға салмақ салғым келмеді. Олар сол кезде басқа қалаға қонаққа кеткен еді, ал мен жәй ғана үйден дүкенге шығып кеттім де, көлікке отырып, кетіп қалдым. Мадидың отбасы мені келін ретінде қарсы алды, барлығы қуанып, құттықтады. Барлық рәсімді орындадық. Мен жаңа отбасыма риза болдым.

Шындығына келер болсақ, менің ата-анама бұл жаңалық ауыр тиді. Олар қатты таңғалды. Оларға қиянат жасадым деп ойлаймын. Бірақ ол кезде мен тұрмысқа шығуды дұрыс деп есептедім. Әрине, кезінде қатты қобалжыдым, алайда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деп ойлап жатпадым, бірақ барлығы жақсы болып кетті.

Қазір мен жұбайыммен жеті жыл бойы бақытты өмір сүріп жатырмын, екі баламыз бар. Мен шешіміме өкінген емеспін. Бірақ сіңілеріме менен үлгі алудың қажеті жоқ екендігін айтып отырамын. Жалпы, қыз алып қашу дұрыс емес деп есептеймін. Бұрын жігіт қыздан сұрап жатпай, оны алып қашып, үйлене беретін. Бірақ мұның бәрі қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынасқа, одан кейін балаларға теріс әсер ететін болады. Қызға зорлықпен үйлену арқылы мықты отбасы құра алмайсың. Адамға өзіңді сүйдірткізе алмайсың. Менің ойымша, қазір бұндай дәстүрлер ескіре бастады. Алып қашу тек қыз жақтың ұзату тойға үнемдей алуы үшін жасалады.

Акзер, 30 жаста, Шымкент

2006 жылы мен екінші курс студенті, сенгіш, аңғал қыз едім. Барлық жастар секілді қыдырдық, көңіл көтердік. Сол күні құрбыларыммен  бірге сабақтан шықтым. Университеттің алдында бір жігіттер тұрған, олардың арасында менің танысым болған. Ол бізбен амандасып, халімді сұрай бастады. Қасында Шыңғыс есімді жолдасы тұрды, мен оны танымайтынмын, бірақ біз бұрын бір рет көріскен екенбіз. Ол бір шетте үндемей тұрды, әңгімеге араласқан жоқ. Сөйлесіп болғанша, барлық құрбыларым кетіп қалғанын байқадым, жалғыз өзім қалыппын. Ал жігіттер мені бір кафеге шақырды. Тамақ ішкім келгендіктен, келістім. Осының бәрі алып қашумен бітеді деп үш ұйықтасам, түсіме кірмес еді.

Кафеде уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті, қараңғы түсті. Олар такси шақырып, мені де үйіме жеткізгілері келді. Бірақ көлік қозғалғаннан кейін, басқа бағытта кетіп бара жатырғанымызды түсіндім. Мен неге деп сұрағанымда, Шыңғыс «Сен маған ұнап қалдың, сені алып қашып барамыз» деді. Мен ашуланып, қарсыласа бастадым. Оның үстіне менің жігітім бар еді, тіпті құда түскелі жатырды. Сол кезде жігіттер ақшалары таусылғанын айтты, үйлеріне жеткеннен кейін, мені таксиге отырғызып, үйіме жіберетіне сөз берді. «Қорықпа, ештеңе болмайды» деді.

Үйге жеткен кезде, ол жерде дайындық қызу үстінде еді. Шыңғыстың үйленбеген ағалары бар еді, сондықтан де мені алып қашқан сияқты, әйтпесе, оған үйленбеген ағалары бар кезде үйленуге рұқсат берілмес еді. «Осы қызға үйленем» деп тұрып алды. Үйге кіргенде, кететінімді, мені менің келісімімсіз алып қашып кеткендігін айттым. Бірақ мені Шыңғыстың туыстары көндіре бастады, басыма орамал таға бастады, мен жылап, үйден шығуға тырыстым. Бірақ басыма орамал тағылып қойды, кете де алмаймын, кетсем, бақытсыз боламын. Соңында көндім. Беташар жасадық, бірақ көпке дейін көз жасым тыйылған жоқ.

Мен үйге бірнеше рет қайта оралдым, бірақ ата-анам «Сол үйдің келіні болдың, демек, тағдырың», «Қайтып келген қыз жаман» деп қайта жіберіп отырды. Менің отбасым бұл жағдайға байланысты қатты уайымдады. Әкем тіпті қонаққа келгенде, менімен амандаспайтын. Ал сүйген жігітім қатты ашуланды, жылады, ал оның отбасы менің оны әскерден күтпеді, өзіме жігіт тауып алды деп ойлады. Өмірім мелодрамаға ұқсай бастады.


Мен үшін ол үйдегі бес жыл бес ғасырдай өтті. Басымнан кешкенді дұшпаныма да тілемеймін

Көп жыл бойы екі оттың арасында өмір сүрдім. Үйіме қайта оралғым келсе, ата-анам үшін масқара болатын, олар мені қайтадан күйеуімнің үйіне жіберетін, ал ол үйдегі өмір өмір емес еді. Күн сайын ұрыс-керіс, енем мен қайын әпкем тыныштық бермеді, ал күйеуім, оның ата-анасы, әпкелері маған қол көтеретін. Үйден талай рет кеттім, жұбайым өзгерер деген үмітпен барлығына көнуге тырыстым. Шыңғыс жөнді табыс таппайтын, ал тапса, ұтыс ойындарына құртып қоятын. Жұмыс істеуге тура келді, менің ақшамды да құртып қоя беретін. Балалар туралы ойлағысы да келмеді. Үнемі өтірік айтатын, бірнеше күнге жоғалып кететін, қайтып келсе, болмаған нәрсені болды деп әңгімені көпіртетін. Тіпті менің туыстарымнан қарызға ақша алатын, әр түрлі хикаялар ойлап табатын, бастысы, оған ақша табылса болды. Ақша үшін нағыз актер сияқты жылай да, күле де алады. Бірақ ешқашан ақша қайтармайтын еді. Бұған қалай шыдайсың? Енді бұл алаяқ ешкімге керек емес.

Қазір біз ажырасып кеттік, екі қызыммен бөлек тұрамын. Өмірдегі бар мақсатым - оларды жақсы тәрбиелеу. Менің басымнан өткенді оларды басына келмесе екен деймін. Өткен жылы пәтер сатып алдым, ал биыл балаларымды жаңа мектепке жібергелі отырмын.


Светлана Макажанова

психолог, психотерапевт, «Дара» педагогикалық-психологиялық орталығының директоры

Көріп отырғанымыздай, қыз алып қашу дәстүрі әлі күнге дейін бар. Қыз ұрлауға қатысты нақты статистика деректері жоқ, себебі қыздар ол жайлы керекті органдарға шағымданбайды. Бұны былайша түсіндіруге болады: қызды алып қашқанда, ол сасып қалуы, қорқуы, ашулануы мүмкін. Бұл уақытта дезадаптация, белсенділік жоғалу процессі жүреді. Сол себептен қызда өзін-өзі бағалауының төмендеуі, қысылушылық, қорқыныш, беймәлімділік сезімдері пайда бола бастайды.

Алып қашудан жәбір көргендердің басынан өткергендері қиын әрі қорқынышты. Қазақ отбасыларында қыз тәрбиесінде отбасы абыройына көп көңіл бөлінеді. Ата-аналары, туыстары, еркектер, әйелдердің өздері де салт-дәстүрлердің құрсауында қалған.


Ералы Шыныбаев

«Заңмен көмек көрсету отралығы» ЖШС директоры

Әйел мен еркек физиологиялық жағынан тең болмағандықтан, ежелден әйелдерге қатысты сексистік көзқарастар қалыптасты. Қыздарды олардың еркінсіз тұрмысқа бере алатын, ұрлай алатын еді, ал, егер де әйел еркекке опасыздық жасайтын болса, оларға тас атып, жазалайтын. Біздің мемлекет пайда болғаннан бері қатты өзгерді. Мысалы, қамшымен сөгу, ауылдан қуып жіберу секілді әдеттер жойылды, бұрын олар заң жүзінде болды ғой. Қазір Қазақстанда әйел мен еркектің құқықтары тең. Сондықтан адам ұрлап, оның еркінінсіз ұстау заңмен қудалануы керек.

Мұндай істермен ҚР ІСБ айналысады. Ұрланған немесе ұрланыла жаздаған қыздар медсараптамадан өтуі тиіс. Бұның бәрі дене жарақаттары, соққы іздері -  барлығын анықтау мақсатында жүргізіледі. Себебі адам ұрлау барысында зорлық-зомбылық орын алуы мүмкін. Содан кейін ол қыздар тергеу органдарына ұрлау жайлы арыз жазуы керек. Ұрлаушының жазасы қылмыс ауырлығына байланысты анықталады. Бұл жерде жәбір көруші қаншалықты ұзақ ұсталды, оған қарсы сексуалдық зорлық жасалды ма қаралады.