Қауіпсіздік пен тәрбиелеу туралы қаншама сөз айтылғанымен, буллинг Қазақстан мектептерінде әлі де бар шынайылық. Балалар мен жасөспірімдерге тіл тигізіледі, ұжымнан шеттетеді, соққыға жығады, чаттарда қорлайды. Көп жағдайда бұл жәбірленушінің және оның айналасындағы ересектердің үнсіздігімен қатар жүреді.

«Асфальт арасынан өсетін гүлдер» арнайы жобалар топтамасының екінші шығарылымында біз буллинг туралы және дәл осындай сәтте балаға аса қажет қолдауды қалай көрсету керектігі туралы әңгімелейміз.

ЮНИСЕФ дерегі бойынша, Қазақстанда әр бесінші оқушы мектепте буллингке ұшыраған, ал әр үшіншісі - интернеттегі қорлаудың құрбаны болған.

Бүгінде кибербуллинг ең көп тараған зорлық түрлерінің бірі. Баланы видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге мазақ етіп жариялайды, шынайы өмірде де елемей, әңгімеге қоспау жиі кездеседі. Сондай-ақ ауызша шабуыл немесе физикалық зорлық түріндегі ашық агрессия бар.

Балалардың көбі «әлсіз» көрінгісі келмей немесе жазалана ма деп сескенгендіктен бұл туралы ересектерге айтуға қорқады. Кейде ата-аналардың өзі: «мән берме» деп кеңес береді. Бірақ буллинг өздігінен кетпейді ол ескерусіз қалған сайын күшейе береді.

Маңызды нәрсе: үнсіздік зорлықты тоқтатпайды, керісінше, оны күшейтеді. Ал жауап ретінде агрессия көрсету шешім емес. Кек алған бала да осал күйге түседі.

Іс жүзінде жұмыс істейтін нәрсе бұл ашық әңгімелесу, қолдау, ересектерді тарту және топтық жұмыс. Қорқыныштан сенімге, әрекетсіздіктен өту арқылы бұл тізбекті тоқтатуға болады. жауапкершілікке

Біз психолог Жалғас Мұхит пен заңгер Надежда Гельдтпен сөйлесіп, ата-аналарға арналған нұсқаулық жинадық: буллингті қалай анықтауға болады, балаға қалай көмектесу және құқықтық көмек алу үшін қайда жүгіну керек?

 

 

Жалғас Мұхит

Психолог, гештальт-терапевт

 

 

Буллинг деген не және ол неге қауіпті?

Буллинг - бұл балалар арасындағы әдеттегі ұрыс немесе бір реттік келіспеушілік емес. Бұл бір немесе бірнеше балаға қарсы бағытталған жүйелі түрде қайталанатын зорлық. Ол психологиялық, физикалық, сөз арқылы немесе онлайн (кибербуллинг) түрде болуы мүмкін.

Буллинг пен жанжалдың айырмашылығы:

— Күш тең емес — әрқашан басым тарап (топ) және құрбан болады;

— Ол шешілмейді, қайта қайталанып, тереңдей береді;

— Онда агрессор мен жәбірленушіден бөлек, куәгерлер де қатысады олардың үнсіздігі мәселені күрделендіреді.

Тап осы топтық динамика мен ортаның үнсіздігі буллингті аса қауіпті етеді.

 

 

Балаңызға әлімжеттік көрсетіп жүргенін қалай түсінуге болады?

Буллингтің бірдей белгілері жоқ - әр бала оған әртүрлі жауап береді. Бірақ назар аударуға тұрарлық мінез-құлық және эмоциялық белгілері бар:

Бала дені сау болғанымен мектепке барғысы келмейді, жиі өзін жайсыз сезінетінін айтады.

— Үлгерімі төмендеп, сүйікті ісіне қызығушылығы жойылады;

— Тұйықтық, мазасыздық, ашушаңдық немесе керісінше енжарлық пайда болады;

— Отбасынан алыстайды, мектептегі жағдай туралы сөйлескісі келмейді;

— Ұйқы мен тәбет бұзылады, ішкі жайсыздық, қорқынышты түстер көруі мүмкін мүмкін;

— Кейде көгерген жерлер, жыртылған киім, жоғалған ақша немесе гаджеттер секілді сыртқы белгілері де болады.

Ата-аналар баласының жағдайын бақылауы қажет. «Балам бұрынғыдай ма, әлде өзгерді ме?» деп өзіңізден сұраңыз. Динамиканы байқау маңызды.

 

 

Неліктен балалар жәбірленушіге айналады?

Көп жағдайда агрессорлар өзіне осал көрінетін, қарсылық көрсете алмайтын, артында қолдаушысы жоқ немесе басқалардан ерекшеленетіндерді таңдайды.

Кейде себеп сыртқы болуы мүмкін: сыртқы келбет ерекшеліктері, акцент, киім, әлеуметтік жағдай. Бірақ бұл себеп емес, сылтау ғана. Бұзақылар «басқа» біреуді таңдайды деген стереотип. Шындығында, оларға ешкім араша түспейтін "осал" керек. 

Маңызды: кез келген бала жәбірленуші болуы мүмкін. Бұл әлсіздік емес, ұжымдағы атмосфера мен мәдениетке байланысты.

 

 

Неліктен балалар агрессорға айналады?

Буллер «жаман бала» емес. Ол ішкі күйзелісін басқа жолмен шеше алмай отырған бала. Көбіне буллингтің салдарында:

— Үйдегі қатаң тәртіп, эмоцияларға, әсіресе ашуға тыйым;

— Бұрынғы зорлық немесе қорлау (мектепте емес, үйде болуы да мүмкін);

— Өзі де құрбан болудан қорқу.

Буллинг агрессордың иерархия мен бақылау орнатуға тырысуы. Ол әрқашан күшті емес, көбіне ең қорқақ бала болады.

 

 

Ата-ана буллинг туралы білгенде не істеуі керек?

Ең алдымен сынға алмай, кінә артпай баланы тыңдаңыз.

— Сені естіп тұрмын. Мұндайды айтуың дұрыс болды»

— «Бұл сенің кінәң емес»

— «Біз бұл мәселені бірге шешеміз»

Содан соң әрекет ету керек. Мектепке хабарласыңыз: сынып жетекшісіне, психологқа, директорға. Ресми түрде, нақты сұраныспен мәселені шешіңіз. Бір ғана әңгімемен шектелмеңіз соңына дейін барыңыз. Маңызды: агрессорды жаңа құрбанға айналдырмаңыз. Әйтпесе, сіз зорлық тізбегін жалғастырасыз. Бұл жерде топпен, жүйемен, қарым-қатынаспен жұмыс істеу қажет.

Егер мектеп әрекет етпесе оны ауыстырыңыз. Баланың денсаулығы мәртебеден, ыңғайлылықтан және «ыңғайсыз әңгімеден» маңызды.

 

 

Буллинг тоқтаған соң не істеу керек?

Буллинг баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін тәжірибе. Ол болашақта сенім, өзін-өзі қорғау және қарым-қатынас құруына ықпал етеді.

Барлығы тынышталғандай болып көрінсе де:

— Баланың өзіне, достыққа, қауіпсіздікке сенімін қалпына келтіруге көмектесіңіз;

— Қиын болса - психологқа апарыңыз;

— Өз болмысын сақтап қалуға құқығы бар екенін ұғындырыңыз;

— Үйірмелер, секциялар, қауіпсіз қауымдастықтар секілді жаңа ортада қолдаңыз.

Буллинг - бұл емдеу қажет жара. Ол өздігінен жазылмайды.

 

 

Буллингтің ұзақ мерзімді зияны қандай?

Болашақта бала депрессияға, мазасыздыққа, үрейленуге бейім болуы мүмкін. Кейде дене мен тамақтануға қатысты бұзылыстар, уытты ұят пен өзін кінәлау пайда болады. Кейбіреулер әлеуметтік оқшаулануға бет бұрып, адамдарға сенімсіз болады. Буллинг құрбандары ересек өмірде де қайталанған зорлық көріп, зиянды қарым-қатынастар орнатады.

Маңыздысы бұл жағдайдан бәрі жапа шегеді: жәбірленуші де, буллер де, үнсіз куәгерлер де. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде шешу қажет.

 

 

Мектептің рөлі қандай?

Мектеп тек білім ордасы емес. Бұл баланың алғаш рет қоғаммен әрекеттесуді үйренетін ортасы.

Бұл ортада ересектердің (мұғалім, куратор, психолог) жауапкершілігі үлкен. Мазақ пен «әзіл» сөздерді байқамау — оларды қолдаумен тең.

Мұғалім ортаны реттеуші. Оның реакциясы балаларға «болады» не «болмайды» деген сигнал береді.

 

 

Буллингке қарсы мектептегі тренингтер қалай жұмыс істейді?

Бұл ең тиімді профилактика құралдарының бірі. Олар балаларға эмпатияны үйретіп, өзгенің эмоциясын тануға көмектеседі. Агрессия мен құрметті қарым- қатынастың айырмашылығын көрсетіп, куәгерлерді әрекет етушіге айналдырады.

Мұндай тренингтерді бастауыш сыныптарда өткізу аса маңызды бұл кезеңде балалар ересектерге еліктеп, мінез-құлықты тез меңгереді. Жоғарғы сыныптарда буллинг жасырын әрі елеусіз сипат алады.

 

 

Ата-ана нені ұмытпауы керек:

— Бала - жәбірленуші болғанына кінәлі емес.

— Сіз бұл жағдаймен жалғыз күресуге міндетті емессіз.

— Баланың жалғыз еместігін сезінуі маңызды.

— Мектеп міндетті түрде әрекет етуі тиіс.

— Буллинг-бұл қалыпты өсу кезеңі емес. Бұл алдын алуға болатын жарақат.

 

 

Қазақстанда буллингтен құқықтық қорғау: ата-аналар нені білуі керек

 

Надежда Гельдт

Заңгер, «Право знать» телеграм-арнасының авторы

 

 

Қазақстанда буллингке қарсы қандай заңдар бар?

Буллинг Қазақстанда заңды түрде мойындалған. ҚР «Бала құқықтары туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, буллинг бұл жүйелі түрде қорлау, қорқыту немесе мәжбүрлеу әрекеттері, соның ішінде БАҚ пен интернет арқылы (кибербуллинг).

Осы Заңның 10-бабында әр баланың физикалық және психикалық зорлықтан қорғалуға құқығы бекітілген. 2022 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігінің буллингтің алдын алу ережелері күшіне енді. Буллинг үшін жауапкершілік әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көрсетілген.

 

 

 

 

Баланы қорлап жатса, ата-ана не істеуі керек?

Кезең-кезеңімен жасалатын іс-қимыл нұсқаулығы:

 Мектепке (директордың атына) жазбаша арыз беріңіз. Ол ресми түрде тіркелуі тиіс.

 Ақпарат буллингті есепке алу журналына тіркеледі.

 Бір күн ішінде мектеп бұл жағдай туралы білім бөліміне хабарлауға міндетті.

 Сондай-ақ бір жұмыс күні ішінде жәбірленушімен, буллермен, олардың ата- аналарымен және психологпен әңгіме өткізіледі.

 Мектеп жанжалды реттеу шараларын қабылдайды және психологиялық қолдау көрсетеді.

 Буллер ішкі мектептік бақылауға алынады.

Қайда және қандай ретпен жүгіну керек?

 Ең алдымен мектепке: ресми әрекет ету тәртібі іске қосылады.

 Егер нәтиже болмаса жергілікті білім бөліміне.

 Егер корқыту немесе күш көрсету орын алса полицияға.

 Бұл да көмектеспесе прокуратураға шағымдану керек.

 

 

Қандай дәлелдер қажет?

Буллингтің дәлелі ретінде хат алмасулар (мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде), фото және видео материалдар, медициналық анықтамалар, психологтың корытындысы, куәгерлердің көрсетпелері, мектеп тарапынан жасалған құжаттар мен актілер кабылданады.

Ең бастысы, дәлелдер әрекеттердің жүйелілігін растауы тиіс (екі немесе одан да көп рет).

 

 

Буллинг үшін кім жауапкершілік алады?

Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектеп әкімшілігі буллингтің алдын алып, балалардың құқықтары сақталатын қауіпсіз орта қалыптастыруға міндетті. Мектепте буллингке мүлде төзбеу мәдениеті қалыптасуы керек. Ата-аналар — өз балаларының тәрбиесіне жауапты.

Буллинг жасаған адам тікелей жауап береді. Егер бала 14 жасқа толмаған болса, оның заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады.

  

 

Баланы жауапкершілікке тартуға болатын жас:

Буллинг үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталса, әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталады. Егер бала жас болса, ата-анасына айыппұл салынады (10 АЕК-ке дейін). Қайталанған жағдайда - айыппұл 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

Егер буллингтің салдарынан баланың (соның ішінде психологиялық) денсаулығына зиян келсе, жәбірленушінің ата-анасы буллердің ата-анасын сотқа беріп, моральдық зиян мен емделу шығындарын өтеуді талап ете алады.

 

 

 

Агрессор-баланы басқа сыныпқа немесе мектепке ауыстыруға бола ма?

Иә. Егер баланың бұрынғы ұжымда қалуы оның психикалық немесе физикалык денсаулығына кауіп төндірсе, ата-аналар оның ауыстырылуын талап етуге құқылы. Негіздеме «Бала құқықтары туралы» Заңның 10-бабы.

 

 

Буллердің ата-анасы не істеуі керек?

— Мәселені жоққа шығармай, оны шешуге белсенді қатысуы керек.

— Мектеппен, психологпен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс.

— Баланың бейімделу бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз ету қажет.

— Бала мінез-құлқын бақылап, агрессияның себептерімен жұмыс істеуі қажет.

 

 

Қорытынды:

Буллинг — бұл өсу кезеңі емес. Бұл балалардың ортасында қауіпсіздік, қолдау мен шынайы диалогтың жетіспейтінінің белгісі.

Бірақ жағдайды өзгертуге әрқашан мүмкіндік бар. Ол ересектердің назарында болу, нақты әрекет жасау, қатысу және тындай білу. Себебі камқорлық жай сөз емес. Бұл жүрген әрекетіміз.

 

МАТЕРИАЛ ЖАСАУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН