Алматы Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында орналасқан. Алыстан қарағанда, көпжылдық мұздықтар мен қардан тау жоталары ала түсті болып көрінеді. Алатау аталуы да содан. Бұл таулар биік. Тау етегінде орман, аңғарында шалғын мен дала белдемдері алма-кезек орналасқан. Ұшар биікке көтеріліп, ондағы әсем көріністі өз көзімен тамашалағысы келетіндер көп. Бүгін осындай тауға ғашық 4 адамның хикаясын тыңдаймыз. 

 

 

 

Қуаныш Көкеков

альпинист

 

 

Алғаш 2018 жылы достарыммен бірге Фурманов шыңына шықтым. Тауға шығудың қиындығы төбедегі сұлулықты көргенде бірден ұмытылды. Кейін бұл әдетке айналды. Бағындырған шыңдарымның ішіндегі ең биігі — тауға ғашық адамдардың арманына айналған Талғар шыңы (5 017 м). Бұл шың Алматының өзінен менмұндалап тұрады.

Биікке махаббатым мені альпинизм спортына алып келді. Қазір ҚР Альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясының мүшесімін. Болашақта үлкен тауларды көргім келеді. Тауға шыққанда бойымдағы менталды және физикалық өзгерістерді бақылағанды ұнатамын. 

 

   

 

Нұрайым Қайратқызы

эколог

 

 

Тауға қызығушылығым Алматыға оқуға түскенде басталды. Демалыс күндері достарымызбен Медеуге, шағын тауларға шығып жүрдік. Уақыт өте келе бөлем екеуіміз Фурманов шыңын бағындырмақ болдық. Оңай болмады. Шамамыз жетпей, жарты жолдан қайттық. Араға екі жыл салып, мақсатымызға жеттік. Осылай Құмбел, Букреев шыңдарына шықтық. Өзім шыққан ең биік нүкте — Үлкен Алматы шыңы (3 680 м).  Бұл шыңды алғаш әлеуметтік желіден көрдім. Өз көзіммен көруге бел буып, бірге баратын жолсерік іздей бастадым. Тауға қызығушылық 90 адамның басын қосып, «Тауластар» деген орта құрдық. Тау жаңа достарыммен өткізген баға жетпес сәттерімді еске салады. Биікке көтерілу қиын, бірақ айналадағы сұлулық пен әдемі көрініс ұмытылмас ләззат сыйлайды. Кейде үйге шаршап жетемін, сонда да тауға қайта барғым келіп тұрады.  

 

   

 

Ернат Темірбеков

“Taugashyq” турфирмасының директоры

 

 

2019 жылы өмірімде ауыр кезең болды. Күйзеліске түсіп, болашағыма күмәнмен қарай бастадым. Жұмысым да ұнамай, өзіме көңілім толмай, жанарымдағы жалын мен ішімдегі әлеуетім сөне бастады. Өзімді осы күйден алып шығу үшін досымды ертіп тауға шықтым. Мақсатым — жаңбырдан кейінгі кемпірқосақты, алқызыл түске боялған аспанды, таудағы күн ұясына батқаннан кейінгі сәтті өз көзіммен көру еді. 

Алғаш Фурманов шыңына барар жолдағы әткеншекке дейін көтерілдім. Ормандағы ағаштарға, алып таулар мен күннің батуына ерекше мән бердім. Осындай биікке шыға алатын денсаулығымның барына шүкір еттім. 

Шынымды айтсам, көп тауда болдым. Кейін өзіме шыңға қарағанда, жасыл жайлау, сарқырама, өзен-көл, жаңартау, солтүстік шұғыласы көбірек ұнайтынын түсіндім. Маған Хан Тәңіріне шығу — мақсат емес. Бүгінге дейін бағындырған ең биік шыңым — Үлкен Алматы Шыңы (3 680 м).

Тауға шыққалы өмірім түбегейлі өзгерді. Қазір дұрыс жолда келе жатқанымды білемін. Өмірімде бір есік жабылып, екіншісі ашылған сияқты. Мақсатым —  қазақтілді тау мәдениетін дамытып, қазақи тау аудиториясын қалыптастыру.

 

   

 

Дәулет Қаналбеков

тау гиді

 

 

2013 жылы 8 мамырда досымның туған күнінде Фурманов шыңына шығамыз деп шештік. Бұрын-соңды тауға шығып көрмегендіктен, дайындығымыз аз болды. Тауға шығу үшін арнайы киім керек. Әсіресе, трекингке арналған аяқ киім болуы маңызды. Бізде мұның бірде-бірі болған жоқ. Ол кезде қалада көктем еді, ал тауда қалың қар жатты. Үш жарым сағат жүріп, шыңға жеттік. Биіктен күннің батуын сүйсіне тамашаладық. Бұлттың үстінде қалқып жүргендей әсер алдық. 

Талғар шыңы (5 017 м) — Алматыдағы ең биік шың саналады. Болашақта осы биікті бағындырғым келеді. Оған мықты физикалық дайындық керек. Сол үшін басқа шыңдарға шығып, ағзамды үйретіп жүрмін.

Тау өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Алғаш тауға шыққан күннен бері 10 жылдай уақыт өтіпті. Хоббиімді сүйікті ісіме айналдырып, гид-ұйымдастырушы болып жүрмін. Өзім көрген әдемілікті басқаларға да көрсеткім келеді. Осы арқылы еліміздің ішкі туризмін дамытуға үлес қоссам деймін.