QazaqshaҰлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырмақ
Бұған су тасқынының қандай қатысы бар?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырмақ. Бұған негіз – үкіметтің су тасқынына байланысты бөлетін қаржысы.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімді 12 сәуір күні қабылдамақ. The Village Қазақстан журналисі сарапшылардың пікірін білді. Олар ақша-несие саясаты жөнінде өз болжамдарын айтты.
Автор Каракоз Ыдырыс
Мөлшерлеме өзгеріссіз қалады
The Village Қазақстан редакциясы хабарласқан сарапшылардың ойынша, базалық мөлшерлеме осы жолы әуелгі деңгейінде (14,75%) қалады. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Ұлттық банк үзіліс жасап, инфляцияны бақылайтынын меңзеп үлгергенін айтты. «Сондықтан мөлшерлеме осы жолы өзгеріссіз қалады деп ойлауға негіз бар» дейді.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те осы ойды қуаттады. Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені әуелгі деңгейде қалдыру қазіргі жағдайда ең дұрыс шешім. Себебі экономикаға су тасқынына байланысы айтарлықтай қаражат келеді.
«Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша қаражат, малға өтемақы әрі үйлерді қайта салуға көмек бөлінеді. Сондықтан экономикаға қомақты қаржы келеді. Сол себепті мөлшерлемені осы күйінде қалдырған дұрысырақ болады деп ойлаймын», – дейді Рысмамбетов.
Ақша-несие саясаты босаңсуы мүмкін
Рысмамбетовтің ойынша, Ұлттық банк мөлшерлемені тағы бір мәрте төмендетуі мүмкін. Бірақ әзірше оны тек 0,25 пайыздық пунктке ғана түсіруге болады. Өйтпеген жағдайда тез қарқынмен инфляция үдеп, өседі.
Бейсембаев Ұлттық банк «көгершін» ақша-несие саясатын ұстануы да мүмкін деген ұстанымда. Оның болжамынша, мөлшерлеменің 0,5 пайыздық пунктке тағы төмендеуіне негіз бар. Себебі инфляция наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, оң динамика көрсеткен.
Инфляция деңгейіне болжам және проинфляциялық тенденциялар
Арман Бейсембаев жылдың соңында баға өсімі 7,5-8,5 пайызды құрауына барлық мүмкіндік бар дейді. «Инфляция әсер ететін факторлар қатарына бұрынғыша жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерін жатқызуға болады», – дейді ол.
Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, 2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжам 8,4%-ды құрады. Бұдан бұрын осы сауалнамаға қатысқан 11 ұйым да баға өсімі 2024 жылы осы мөлшерде болады деп тұжырымдаған. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірген.
Рысмамбетовтің сөзінше, су тасқынының зардаптарынан баға өсімі болуы мүмкін.
«Екінші тоқсанның соңында көптеген аймақтарды су тасқынынан қалпына келтіру үшін экономикаға қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Әзірше басқа проинфляциялық тенденцияларды көріп тұрған жоқпын», – дейді ол.
Баға өсімі екінші тоқсан соңына қарай үдеуі мүмкін
«Жалпы айтқанда мұнай бағасы қолайлы деңгейде, Brent маркасының бір баррелінің бағасы қазір 80 доллардан жоғары. Біз үшін бұл қалыпты баға. Яғни, теңгенің әлсіреуі күтілмейді. Бірақ инфляция екінші тоқсанның соңынан бастап аздап үдеуі мүмкін. Ең бастысы, үкімет өтемақы мәселесіне қалай қарайтынын түсіну керек», – дейді Рысмамбетов.
Базалық мөлшерлеме 2023-2024 жылдары қалай өзгерді?
Өткен жылы базалық мөлшерлеме шілденің ортасына дейін 16,75% құрады. Тек шілдеден кейін ғана Ұлттық банк монетарлық саясатын босаңсыта бастады: тамыздың аяғында мөлшерлемені 25 б.п.-ға, қазанда – 50 б.п.-ға, қарашада – 25 б.п.-ға төмендетті. Осы жылдың ішінде базалық мөлшерлеме екі рет 50 б.п.-ға түсті: қаңтарда 15,25%-ға дейін төмендеп, ақпанда – 14,75% құрады.
Обложка: pressfoto
Комментарии
Подписаться