Кітап – біздің рухани байлығымыз, білім теңізіндегі өз компасымыз. Өйткені ғаламның бар құпиясы кітапта сақтаулы. Әлемдік классиктердің кандай кітаптарын қазақ тілінде оқуға болатынын оқыныз.

Виктор Гюго «Аласталғандар»

Француздың ұлы жазушысы Виктор Гюгоның кең ауқымды эпикалық «Аласталғандар» романы басқа да шығармаларындағы секілді басты кейіпкерлер қақтығысы қайырымдылық пен зұлымдық айқасының романтикалық идеясымен ұласады, әлеуметтік проблемалар этикалық ретпен үндеседі. Жан дүниесінде Құдайды құрмет тұтудан өзге қылаудай міні жоқ епископ Мириэль, әлеуметтік өмірде тек заң мен құқықты бәрінен жоғары қоятын инспектор Жавердің ұстанған қағидаттары мен іс-әрекеттері басты кейіпкер Жан Вальжанның тағдыры арқылы сыналады. Ақырында епископтың мейірімділік заңы Жавердің қатаң құқықтық ұстанымынан басым түседі.

Атақты романында Гюго тіршіліктің мәні материалдық өмір емес, имандылық екенін алға тартады. Кезінде орыс әдебиетінің алыбы Лев Толстой француздың таңдаулы романы деп бағалаған бұл шығарма қай заманда да өз құнын жоймақ емес.

«...Осы түні Фантина он жасқа қартайып кетіпті.

— Иисусе! — деді Маргарита. — Саған не болған, Фантина?

— Ештеңе, — деп жауап қатты Фантина. — Керісінше, бәрі де жақсы. Қызым да әлгі сұмдық аурудан өлмейді, оның дәрісі болады. Өзім ризамын.

Осы сөзден кейін ол кәрі қызға үстелде жылтырып жатқан екі наполеондорды көрсетті.

— О Құдайым Иисусе! — деп тағы дауыстап жіберді Маргарита. — Мұның тұтас байлық қой! Бұл алтынды қайдан алдың?

— Таптым! — деп жауап берген Фантина жымиып күлген. Шырақ жарығы бетіне түсті. Мұнысы қан аралас жымиыс болатын. Ернінің бұрышынан қызғылт сілекейі көрінді, ал аузы үңірейіп тұр.

Екі маңдай тісін жұлып алыпты...»

Александр Грин «Алқызыл желкендер»

Автор бұл шығармасында адамдық бақыттың теңдессіз романтикалық әлемін жасады. Роман — махаббат жайлы сырлы да нәзік поэма. Бұл кітапта алқызыл желкендер туралы ертегі шындыққа айналады. Сол арқылы егер адам армандап, бақытына ұмтылып, соған жету жолында өзіне сенімді болғанда ғана мақсатқа жететіне сендіреді.

«Толқын перісі» – романтизм өкілі Александр Гриннің басты шығармаларының бірі. Толқын бетімен жүре алатын ғажайып қабілетке ие әдемі қыз Фрези Грант туралы романды оқи отырып, арманшыл Томас Гарвеймен бірге «Толқын перісімен» және «Сүңгуірмен» саяхат жасаңыз.

«...Ассольдің саусағында Грэйдің шұғылалы сақинасы бөгде біреудің саусағында тұрғандай жалтырайды — сол заматта ол өз саусағын өзі танымай қалғандықтан, мұны өзімдікі дей алмады. «Бұл кімнің әзілі? Әзілдеген кім? — деді ол жеделдетіп. — Мен ұйықтап тұрмын ба осы? Бәлкім, тауып алып, ұмытып кеткен шығармын?...»

Жоржи Амаду «Құм жағалаудың капитандары»

Құм жағалаудың капитандары әлі де бар. Олар есейіп, ер жетеді, орнына басқалары келеді, жыл өткен сайын қатарлары көбейе түсуде. Сәби күнінде басыбайлы ойыншығы болмаған, мектепке бармаған, отбасы жылуы мен ана мейірімін көрмей өскен бұл балалардың өмірін жақсы жағына өзгертуге болады. Құм жағалау капитандарының қарындары аш, бірақ олар тағдырға мойынсұнбағандар.

«...Құм жағалау капитандарының басшысы Педро Пуляны да сіздер осы жерден табасыздар. Бұл лақап атты ол тым кішкентай кезінде — бес жасында алған болатын. Оның әкесі полицияның оғынан қаза тапты. Ал шешесінің кім екенін ол білмейтін. Қазір Педроның жасы он бесте. Он жылдан бері ол Байя көшелерін кезіп жүріп, оны бес саусағындай біліп алған. Қазір қалада ол білмейтін бірде-бір көше, дүкен немесе дәмхана жоқ...»

Гүнтекин Решат Нури «Үзілген жапырақтар»

Жыл артынан жыл өтіп, самайын қырау шалған Әли Ырза қарттық жайлы көп ойланатын болды. Жоқшылық шаңырағын шайқалтып, балалары әкесімен санаспайтынды шығарды. Ескі көзқарастағы әке мен жаңа өмір салтына аяқ басқан бала арасындағы түсінбеушілік ұлғая түсіп, олардың үзіліп түскен күзгі жапырақтай туған шаңырақтан алыстауы әке жүрегіне қаяу салған еді.

«...– Әли Ырза, ренжісең де, ренжімесең де сол... Көңілімде не болса, бәрін айтамын. Сен қырсықтығыңмен әрдайым балаларыңа кесіріңді тигізіп келесің. Олар он бес, жиырма жасқа келгенде әкелік міндетім бітеді деп ойлайсың ба? Мүлде олай емес. Негізгі міндетің сол кезде басталады. Олар бұрын кіп-кішкентай балалар еді, қолдарына қырық тиындық бір ысқырғыш, бір қуыршақ берсең, бүкіл әлемді қолдарына ұстатқандай қуанатын. Бұл балалардың бәрі енді үлкен азамат болды. Бәрін де жақсы түсінеді... Әрқайсысының бір-бір арманы бар, бірақ қандай екенін білмеймін. Меніңше, біз олардың тәрбиесінде бір қателік жіберіп алдық...»

Орхан Памук «Жаңа өмір»

Жаңа оқыған бір кітаптың әсерінен өзін-өзі ұмытып, мүлде бейтаныс дүниеге күмп берген стамбұлдық кітапқұмар студент жайлы роман. Жас жігіт сол әлемді табу үшін сергелдеңге түсіп, талай қиындықты басынан өткереді.

Қазақтың дүниетанымына жат болғандықтан, мүлде бейтаныс болғандықтан, оқырман бұл кітапты тосырқауы да мүмкін. Алайда туындының тартымдылығы да осында деп ойлаймыз. Шығармадағы қызықты қиялындағы арманына балап жүргеніне соңғы сәтте ғана көзі жететін пендеуи ғұмырдың негізі өзек болғанына, адамдардың көпшілігі құмырсқа тірлікпен өмір сүріп жатқанына шығарманы оқи отырып тағы бір көз жеткізесіз.

Сонымен қатар, құрметті оқырмандарымызға жақсы жаңалығымыз бар, Х.Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», Стивен Кингтің «Жасыл миль», Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» кітаптары жақын арада қазақ тілінде жарыққа шығады.

«...Сол сәтте мені «Ылғи осылай тез-тезжүрсем, ешқашан тоқтамасам, сапарға шықсам, кітаптағы әлемге жететін шығармын» деген ой билеп алды. Ерекше нұрын жан-жүрегіммен сезген жаңа өмірім алыстағы бір елде, бәлкім, әлі ашылмаған бір жерде шығар. Дегенмен әрекеттенген сайын соған жақындай түсерімді, тым болмағанда бұрынғы өмірімді артымда қалдырарымды сезіп едім...»


фотографии: Foliant баспасы