Дәмді ірімшік, көп велосипед, әдемі архитектура, көпірлер, көктем сайын құлпыратын қызғалдақтар алқабы  мұның бәрі Нидерландымен байланысты. Біз өмір сүру деңгейі аса жоғары елде тұратын қазақстандықтармен сөйлесіп, Нидерландының артықшылығы мен кемшілігін, халқының ерекшелігін білдік.

Жанна, Харлем

2014 жылы КИМЭП-те оқып жүргенде Нидерландыда бір семестр білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Арнем қаласындағы университетке түстім. Сонда оқып жүргенде Тимур деген қазақстандық жігітпен таныстым. Тимур Нидерландыға оқуға байланысты көшіп келген. Уақыт өте келе таныстығымыз махаббатқа ұласты. Мен Қазақстанға қайта оралғаннан кейін де қашықтан сөйлесіп жүрдік. Ал 2017 жылы Қазақстанда тойымызды жасадық. Содан кейін Тимур мені Нидерландыға алып кетті.

Нидерландыға тұрмыс құра сала келгесін үйренісу қиынға соқты. Себебі жаңа тұрмыспен қоса жаңа қалаға да бейімделуім керек еді. Оған қоса қалада күйеуімнен басқа танитын ешкім жоқ. Тимур жұмысына кеткенде жалғыз ермегім күні бойы қаланы аралау болды. Қала көшелерін әжептәуір білетін деңгейге жеттім. Бірақ нидерланд халқымен сөйлесуге ұялып, таныса алмай көп жүрдім. Сондықтан шығар дос табу оңай болмады. Әйтеуір жарты жылдың ішінде жаныма жақын құрбылар табылды. Жұмысқа орналасқаннан кейін әріптестерім пайда болды.


Бейтаныс жанның жағдайын жайбырақат сұрайтын жұрттың тым ашықтығын алғашында қабылдау қиын болды


Жалпы нидерландықтар  табиғатынан ашық-жарқын, өте көңілді адамдар. Бейтаныс жанның жағдайын жайбырақат сұрайтын тым ашықтығын алғашында қабылдау қиын болды. Тіпті қорқытты. Оларды өзгенің шығу тегі, қоғамдағы статусы қызықтырмайды. Жайлылықты бағалайды. Көп нәрсеге жеңіл қарайды, жағдайды жөн-жосықсыз қиындатпайды. Сөз бостандығы, әрекет бостандығы қатты дамыған. Соған байланысты жасы да кәрісі де ойларын бүкпей айтайды. Өздерін сенімді ұстайды, бағасын біледі. Олардың мінезімен қоса тамақтану рационы да жеңіл. Таңғы ас пен түскі аста да сэндвич секілді жеңіл тамақ жей салады. Кешкі асқа ғана ыстық тамақ дайындайды. Біз үнемі ыстық тамақ пісіреміз. Голландық достарымыз қонаққа келгенде «Сендердің үйлерінде ылғи тамақ» деп күледі.

Біз қазір Амстердамнан 20 шақырым жерде орналасқан Харлем қаласында тұрамыз. Алайда Амстердамда жұмыс істейміз. Пойызбен немесе автобуспен Амстердамға жарты сағатта жетеміз. Харлем — нағыз голландық қала. Ғимараттары толықтай голландық стильде салынған. Кішкентай диірмендер, канал, көпірлер бар. Қала өте тыныш әрі жайлы. Сол үшін Харлемде тұруды таңдадық.

Маған мында ауа-райы ұнайды. Қысы-жазы жылы, қатты салқын болмайды. Жеңіл-желпі күртеше киіп жүре бересің. Ал қысы салқын Ақтөбеде туып өскен Тимур бұл жақтың қары жоқ қысын ұнатпайды. Қарды сағынады.

Нидерландыда жұмысқа тұру қиын, бірақ мүмкіндік бар. Сол елде оқу бітірген, тәжірбиеден өткен шетелдіктер жұмысқа ұсыныс ала алады. Ал мен қазақстандық оқу орнын тәмәмдағандықтан жұмыс іздеуге біраз уақыт жұмсадым. Төрт айдан кейін ғана шетелдік фирмадан жұмысқа шақырту алдым. Ағылшын тілін жетік меңгерген адам жұмысқа оңай тұра алады. Себебі фирмалардың 80 пайызы ағылшын тілінде қызмет атқарады. Ал нидерланд тілінде жұмыс істейтін мемлекеттік фирмалар тек нидерланд тілін білетін адамдарды қабылдайды.


Салық жоғары болғанына еш ренжімейміз. Себебі оның қайда кетіп жатқанын анық көреміз

Алғашында Нидерландының медицина қызметіне көңілім толмайтын. Суық тисе не ішім ауырса, дәрігерлер парацтомол секілді жеңіл дәріні жазып береді де, жібере салады. «Сіз жас адамсыз, иммунитетіңіз өзі төтеп бере алады» деп ешқандай антибиотик бермейді. Бүкіл дәрі-дәрмекті тізіп беретін еліміздің емдеу тәсіліне үйреніп қалғасын бұл жайт біртүрлі сенімсіздеу көрінді. Уақыт өте келе жергілікті медицинаның көп нәрсеге жеңіл қарайтын халықтың менталитетімен ұштасып жатқанын түсіндім. Түймедей нәрсені түйедей еткісі келмейді. Бірақ денсаулық жағдайы мүшкіл жандарға бұлай қарамайды. Дереу көмек беріп, керек шараларды жасайды.

Нидерландыда әйелдердің көпшілігі баланы үйінде туады. Толғақ басталған кезде ғана жанына білікті акушерді алдыртады. «Бағзы заманнан әйелдер баласын үйінде босанған, бұл қиын емес» дейді. Егер қауіпті жағдай болса, әлбетте ауруханаға барып босанады. Мен өз таңдауым бойынша ауруханада тууды шештім. Тұңғыш бала болғандықтан, үйде тууға жүрегім дауаламады. Қызымды босанған күні-ақ екі сағаттан кейін бізді үйге жіберді. Бала аман-есен туылып, анасының жағдайы жақсы болса, дәрігерлер ұстамай үйіне жібере береді. Келесі 10 күн бойы үйіңізге мейірбике келеді. Балаға күтім жасап, барлық тесттен өткізіп, жауабын интернетпен жібереді. Қандай да бір келеңсіздіктер болса, бірден ауруханаға алып кетеді. Медбикелер босанған әйелге үй шаруасын жасауға да көмектеседі. Ыдыс жуып, тамақ пісіріп, керек болса, азық-түлік алуға дүкенге де барып келеді. Маған осы әдістері қатты ұнайды.

Медбикелер тарапынан осындай күтімнің көрсетілетінін еститін Қазақстандағы туыстарым «қандай күшті!» деп таңғалады. Бірақ бұның бәрі тегін емес. Медицина қызметі үшін ай сайын сақтандыру төлейміз. Бір адамға сақтандырудың ең аз мөлшері айына 120 евро, ең қымбаты жылына 1500 евроға дейін барады. Осы сақтандырудың арқасында кез келген жерде дәрігерге қаралуға рұқсат.

Сақтандырумен қоса салыққа да біраз ақша төлейміз. Жалақымыздың 40 пайызы соған кетеді. Салық жоғары болғанына еш ренжімейміз. Себебі қайда кетіп жатқанын анық көреміз. Жолдарында мін жоқ. Жаяу жүргіншілер жолы барлық жерде бар. Инклюзивтіліктің дамығаны соншалық арбадағы адамдар да қиналмай қозғала алады. Қоқыс көрінген жерде жатпайды. Қоғамдық көліктері де керемет. Адамның ыңғайына қарай барлығы жасалғасын салықты қуана төлейміз.

Менің түсінігімде «жаман», «жақсы» деген ұғым жоқ. Жай өзгеше деген бар. Көп зат Қазақстандағыдай емес. Мәселен, ішім ауырып дәрігерге барғым келсе, бүгін-ертең ол дәрігерге бара алмаймын. Алдымен маған онлайн кезекке тұру керек. Ал кезектің келу уақыты беймәлім. Екі айдан не бір айдан кейін, тіпті екі күннен кейін келуі де мүмкін. Ешнәрседен хабарың болмай, жай ғана күтесің. Бұл тек медицана саласына ғана емес, басқа салаларда да солай. Үйде жарық сөніп қалса не сантехника бұзылып қалса, әп-сәтте керек маманды шақыру мүмкін емес. Кезекке тұрып, күтуге тура келеді. Себебі сантехниктер, электриктердің көбі фирмаларда жұмыс істейді. Жеке маман аз және табу қиын.

Әзірше, Қазақстанға қайту ойымызда жоқ. Біз маркетологпыз. Мамандығымыз бойынша Қазақстанға қарағанда Нидерландыда керекпіз. Қазақстанда маркетологтар сұранысқа ие болған кезде елге ораламыз деп ойлаймын.

Дамир, Роттердам

Нидерландыда тұрып жатқаныма жеті жыл болды. 2013 жылы мектеп бітіргеннен кейін оқуға байланысты көшіп келдім. Оқуға осы елді таңдауыма көп фактор әсер етті. Біріншіден, Нидерландыда толықтай ағылшын тілінде білім беретініне қарамастан Ұлыбритания мен АҚШ-қа қарағанда оқу бағасы төмен. Екіншіден, академиялық мобильдік пен екі міндетті стажировканы қарастыратын оқу бағдарламасы ұнады. Сонымен қатар, таңдау барысында Нидерландының даму денгейін және қауіпсіздігін ескердім.

Оңтүстік Нидерландыда орналасқан Fontys қолданбалы ғылымдар университетінде финансист мамандығы бойынша оқыдым. Университтеті бітіргеннен кейін жұмыстан шақырту алып, осында қалдым. Ұсынысты ойланып жатпай бірден қабылдадым. Таңдауыма Қазақстандағы жағдайдың еш қатысы жоқ. Нидерландыда қалып, біліктілігіммен қоса өзімді де сынағым келді.


Мында адамдар бір нәрсені сатып аларда алдымен оның ұтымдылығына назар аударады

Қазір Роттердам қаласында тұрамын. Ол — әртүрлі ұлт өкілдері көп жиналған космополит қала. Заманауи әрі стандарттан тыс архитектурасымен Нидерландының өзге қалаларынан ерекшеленеді. Қала сәулетінің қайталанбастығы сондай: мұндағы жұрт «ғимараттардың архитектурасын жақсы көретіндер» мен «мүлде жақтырмайтындар» боп екіге бөлінеді.

Маған Нидерландыда қоғамдық көліктер қозғалысының толықтай ұйымдастырылғаны ұнайды. Қалада метро, трамвай, автобус және су таксиі секілді көптеген көлік түрі бар. Транспорттық желі жоғары деңгейде ойластырылған: бір жерден екінші жерге жету керек болса, қайта-қайта ауысып мінбейтін қолайлы маршрутты оңай таба аласыз. Оған қоса арнайы бағдарламалар көмегімен қоғамдық көліктердің нақты жүріс кестесін көріп, маршруттардың кідіретінін не тоқтатылғанын білуге болады. Адамдардың басым көпшілігі қалалар арасында пойыздармен не электричкалармен қатынайды. Пойыздар шамамен әрбір 10-15 минут сайын жүреді. Нидерландыда автокөліктің қажеті шамалы. Жай велосипедпен де көлікке бергісіз ыңғайлылықпен қозғалуға жағдай жасалған.

Мен үшін Нидерландының ең басты кемшілігі — ауа-райы. Жалпы Солтүстік Еуропадағыдай мұнда да климат өте ылғалды. Жылына 7-8 ай бойы жаңбыр жауады.

Нидерландыда мемлекеттік қызметтің түгелін дерлік онлайн сұратып алуға болады. Ол үшін мемлекетте тіркелген кезде пайда болатын сандық ID-ды қолдану керек. Өзіңнің сандық ID-не қол жеткізетін бір бағдарлама көмегімен барлық мемлекеттік ұйымның сайтына кіруге болады. Бірақ мемлекеттен, банк, салық комитетінен хабарламалар әлі хат күйінде келеді. Сондықтан хат жәшігін тұрақты тексеріп тұрған жөн.


Нидерландыда өмір сүру үшін өзге адамдарға, олардың қызығушылығына, ерекшелігіне толеранттылық және сабырлық танытып үйрену керек


Мемлекеттік деңгейде айрықша назар аударылатын мәселелердің бірі — қоршаған ортаны қорғау. Мәселен, кейінгі кезден бастап барлық дерлік жерде отшашуға тыйым салынды. Ал қалалар арасындаға трассаларда атмосфераны артық шығындылармен ластамау үшін енді сағатына 100 шақырымнан артық жылдамдықпен жүруге болмайды. Жыл сайын экожүйені қалыпқа келтіруге, атмосферадағы көмірқышқыл газының шығындыларын және өндіріс қалдықтарын азайтуға көп қаражат бөлінеді. Әрине, сонымен қатар пластикті өңдеуге де айтарлықтай көңіл аударады. Барлық үлкен қалада қоқысты сұрыптау үрдісі толықтай автоматтандырылған. Сондықтан өзіміз қоқысты сұрыптап, әуреленіп жатпаймыз.

Голландықтардың менталитеті қазақстандықтардың менталитетіне ұқсамайды. Мәселен, мында адамдар бір нәрсені сатып аларда алдымен оның ұтымдылығына назар аударады. Бағасы жоғары автокөлікті алуға көбінің мұршасы жетсе де, арзан әрі көлемі жағынан шағын автокөліктерді алады. Себебі ондай көліктермен қала ішінде жүру ыңғайлы. Ал Қазақстанда адамдар бұл тұрғыда өте эмоционалды. Тауардың бағасына мән бермейді. Қазақтың мінезіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын голландықтардың тағы бір өзгешелегі: барлығын уақытынан бұрын ұйымдастырады. Жай ғана кофе ішу үшін басқосуды да алдын-ала жоспарлайды. Көп адамның өздерінің құрған тиімді кестесі бар. Қазақтар мен нидерландықтардың басты айырмашылығы: адамдар өте турашыл. Не ойлайтынын ашық айтады. Егер олар біреудің сөзіне күмәнданса, «сенің шындықты айтып тұрғанына сенбеймін» деп тіке айтудан қысылмайды.

Ал жалпы жергілікті адамдар маған жақсы қарайды. Голландықпен қалай араласса, менімен де солай араласады. Егер адам жұмыс істеуге және қоғамдық ортаға сіңісуге дайын болса, оған діні мен нәсіліне қарамастан ешқашан жаман көзқарас танытпайды.

Меніңше, Нидерландыда өмір сүру үшін өзге адамдарға, олардың қызығушылығына, ерекшелігіне толеранттылық және сабырлық танытып үйрену керек. Сонымен қатар, велосипед тебе алмасаңыз, үйрену артық етпейді. Бұл икем Нидерландыда анық керек болады.

Аққу, Дордрехт

Нидерландыға 2017 жылы көшіп келдім. Оған басты себеп — махаббат. Жолдасым Нидерландыда туып өскен. 2016 жылы интернет желісі арқылы таныстық. Онда мен Астанадамын, ол Нидерландыда. Бір айдан астам уақыт бір-бірімізді біліп, сөйлесіп жүргеннен кейін Озгюр маған Астанаға келді. Көп ұзамай оның шақыруымен мен де Нидерландыға бардым.

Анам Нидерландыға көшуіме қарсы болған жоқ. Бірақ кейбір жақын туыстарым менің шешімімді қолдамай, анамның көзқарасын өзгертуге тырысты. Олар Нидерландыға көшетінімнен гөрі өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып жатқаныма көбірек қапалы болды. Әйтеуір бір жыл ішінде «мұсылман болса болды» деп әрең көнді. Әрі екеуіміздің бір-бірімізді шынайы сүйетінімізді түсініп, Озгюрдің адал жігіт екеніне көздері жетті.

Көшіп келерде көптеген құжатты дайындадым. Астанада Нидерланды елінің елшілігінде тіл және тарихқа байланысты емтихан тапсырдым. Осы елге келу үшін әр адам нидерланд тілі мен оның мәдениетімен таныс болуы керек.


Нидерландықтар далаға шықпай, балконында отырып-ақ өмірден ләззат алады

Нидерландыға үйрену қиын болған жоқ. Себебі студент кезімде бір жыл АҚШ-та, екі жыл Ұлыбританияда оқыдым. Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде достарыммен бірге Амстердамда болдым. Сондықтан батыс елдерінің өмірі маған таныс еді. Оған қоса Нидерланды — өмір сүруге өте ыңғайлы ел. Қоршаған ортаның тазалығы жақсы сақталады. Адам құқығы шектелмейді. Әлеуметтік бағдарламасы жақсы дамыған. Мәселен, 56 жастағы енем соңғы бес жылдай уақыт денсаулығына байланысты үйінде отыр. Жұмыссыз ретінде ай сайын жеткілікті жәрдемақы алады. Сонымен қатар, тұрмыстық қызмет бойынша көп төлемнен босатылған.

Біз Оңтүстік Нидерландының Дордрехт деген қаласында тұрамыз. Осы жылы қаламызға 800 жыл толды. Оңтүстік Нидерланды аймағының ең ескі қаласы Додрехт — кішкентай арал. Сондықтан қаламызға тек көпір арқылы, су асты жолымен не ауа көлігімен келуге болады. Аумағы кішкентай болғанымен, 130 мыңдай адам тұрады. Қаланың орталығы 17-18 ғасырларда салынған аса әдемі үйлерге толы. Көрікті ғимараттарының бірі — 15 ғасырда салынған Үлкен шіркеу (Grote Kerk).

Қала кішкентай болғасын қандай да бір жақсы жұмыс орны нидерланд тілін білуді талап етеді. Өзімнің мамандығым бойынша жұмыс бар болғанымен, әзірше оған тілім қажетті деңгейде дамымады. Бірақ үйде бос отырмайын деп біраз уақыт поштада жарты ақыға жұмыс істеп көрдім. Пошта жұмысына тілім жетті. Жалпы нидерланд тілін үйрену айтарлықтай қиын емес. Ағылшынды білсеңіз, нидерланд тілін тез үйренуге болады. 

Жергілікті халық өмірді сүйеді. Қарапайым нәрселерге кіршіксіз қуана алады. Жақсы ауа-райында далаға шыққанды ұнатады. Біразы саябатқа пикник ұйымдастырып, күннің астында қыздырынса, қалғандары велосипед теуіп қыдырады. Кейбіреулері далаға шықпай, балконында отырып-ақ өмірден ләззат алады. Осы қасиетінен бөлек голландықтардың маған ұнайтын тағы бір қасиеті: тиімділікті алдыңғы орынға қояды. Мәселен, менің осындағы біраз досым киімдерді second hand дүкендерінен жиі сатып алады. Айтуынша, бұл әрекеттің өз философиясы бар. Олар осылайша киімге қайтадан өмір береді. Тағы бір себеп: масс маркеттерде сатылатын киімдерді алғысы келмейді. Мақсаты — масс маркет киімін тігуде балалар еңбегін әділетсіз пайдаланатын мемлекеттерді және дүкендерді қолдамау.

Нидерландықтардың өмір сүру ережелері:

 Үйде міндетті түрде нан мен ірімшік болуы керек. Нидерландыда осы екі тамақтың қадірі еттен әлдеқайда артық.

 Кездесуде беттен үш рет сүйіп амандасу. Бұл ереже ерлерге де, әйелдерге де қатысты.

 Бәрімен үнемі амандасып, қоштасу. Сонымен қатар, кез келген жерде жолыққан адамдарға жақсы күн тілеу.

 Жыл бойы велосипед тебу.

 Супермаркетте жарнама қарауды ұмытпай, тауарларды 2+1 акциясымен сатып алу.

 Қонақтарды бір ай бұрын шақырып қою. Біреудің үйіне шақырусыз бармау.

 Кірді демалыс күндері жуу. Демалыс болғасын емес. Себебі демалыста электр мен су арзандау болады. Ыдыс жуатын машинаны кешкі сағат 10-нан кейін қосқан жөн.

 Қыста жылуды бірер сағатқа қосу. Егер далада күн шығып тұрса, қоспай-ақ қоюға да болады. Бастысы ең жылы жемпіріңізді киіп отырсаңыз болғаны. Мұнда әр пәтерде жылу автономды. Қанша градусқа жылытатынымызды өзіміз шешеміз. Кейде қыстың суық күндерінде жатар алдында үйді жақсылып жылытамыз. Үнемдеу мақсатында жергілікті тұрғындар көрпенің астына жылытқыш салады.

 10 минуттан артық душқа түспеуге тырысу. Негізі дұрысында душқа түсуге жеті минут уақыт жұмсау керек. Нидерландыда су мен газ қымбат болғасын осылай үнемдеуімізге тура келеді. Бір жанұяға газ, су және жарыққа ай сайын шамамен 180 евро кетеді.

 Жұмыс істеп, жалақы алмау. Себебі бұл волонтерлік жұмыс. Көшіп келгеннен кейін волонтерлікпен айналысып көрдім. Әлеуметтік дүкенде аптасына екі күн төрт-бес сағат жұмыс істедім.

Мен — үлкен жанұядан шыққан бесінші баламын. Отбасымда бес кыз, бір ұл бар. Өз мамамды, апаларымды, інімді сағынамын. Мында достарым бар, дегенмен қарым-қатынасымыз өзгеше. «Қазір келемін, шай қой» деп қоңырау шалып, аяқ астынан бара алмайсың. Кездесу үшін шамамен екі-үш апта бұрын алдын ала келісіп қою керек. Қазақстандағыдай кез келген сәтте құшақ жая қарсы алатын карым-қатынас жетіспейді. Туыстық жылу, демеуді сағынамын.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз



МӘТІН: Жансая Алиева

МҰҚАБА: Martijn Baudoin