Қазақстанның жеті тәуелсіз БАҚ редакциясы — The Village Kazakhstan, Vласть, Орталық Азиядағы Медиазона, Factcheck.kz, За нами уже выехали, Тіл кеспек жоқ, Азаттық Радиосы бірігіп, коронавирустан қаза болғандар туралы ақпарат пен тізім жариялайтын Umytpa.kz ресурсын іске қосты. Жобаның мақсаты — пандемияның шынайы картинасын, оның таралу ауқымын көрсету әрі вирустан қаза болғандарды еске алу. 

Елімізде коронавирус бойынша жүргізіліп жатырған ресми статистика шындыққа сай келмейді. Көктемде Денсаулық сақтау министрлігі «COVID-19 инфекциясынан қаза болғандар» және «вирус жұқтырғандар, бірақ басқа аурудан қайтыс болғандар» деп өлім дерегін екіге бөліп есептей бастады.  Оның үстіне маусымда пневмониядан болған өлім саны артты. Шілденің басындағы мәліметтер бойынша, коронавирус диагнозы қойылған, бірақ басқа аурулардан қайтыс болғандар саны  101 адам. 

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 1-8 шілде аралығында елімізде 56 мың адамда пневмония анықталған. Оның 39,7 мыңында коронавирус белгілері табылған. Алайда ведомство оларды ортақ статистикаға қоспайды әрі пневмониядан көз жұмғандарды COVID-19 инфекциясынан қаза болғандар тізіміне енгізбейді.

Umytpa.kz сайтында коронавирустан/пневмониядан көз жұмған адамдардың туыстары не жақындары індеттің құрбаны болғандардың есімін тізімге қоса алады. Барлық ақпаратты жеті редакцияның қызметкерлері тексереді. Есімдер қысқа не толыққанды верификациядан кейін ғана жарияланады. Тізімді толықтыруға кез келген адам өтініш жібере алады.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз