Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны 25%-ға артты. Оның салдары жанжалдасқан тараптарға ғана емес,  оқиғаның құрбаны не куәсі болған жандарға да кері әсер етеді. Осы тұста біз балалық шағында отбасылық зорлық-зомбылық көрген адамдармен сөйлесіп, есейгенде бұл проблеманың адамға қалай әсер ететінін психолог маманнан білдік.

Кейіпкерлердің сұрауы бойынша есімдері өзгертілген

Айгүл, 21 жас

Менің ата-анам — көкірегі ояу, өте жақсы адамдар. Әкем үлкен отбасыда өскен, кішкентай кезінде анасынан айырылған. Ал өгей анасы өте қатігез адам болған. Үйдегі балалардың бәрін таяқпен өсіріпті. Әкем ешкімге ренжімейтін адам, тек ішіп алған соң өткенді еске алып, ашуын басқалардан алады. Қызғаншақ адам.

Мектепте оқып жүрген кездері болған оқиғаны әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Қай сыныпта екенім есімде жоқ, түн ортасында бір шудың кесірінен атып тұрдым. Менің бөлмем ата-анамның жатын бөлмесінен бөлек еді. Есімді жиып қарасам, әкем мас күйінде айғай шығарыпты. Екі қолымен анамның иығынан ұстап, сілкіп тұр. Анам да ашу үсті «Ұрғың келсе, ұр!» деді. Кейін әкем оның үстіндегі киімін жұлмалай бастады. Шошып кеттім. Кішкентай болсам да бар күшіммен әкемді тоқтатуға тырыстым. Бірақ ол мені оң қолымен шкафқа қарай итеріп жіберді. Үйден жалаңаяқ жүгіріп шықтым. Кейін анам екеуіміз түн ортасында туыстарға қаштық. Әкем мас болған соң артымыздан қуған жоқ. Үйдегі мұндай ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық жағдайы әкем арақты тастағанша жиі қайталанып тұрды. Сабақтан көп қалатынмын, бірнеше рет мектеп ауыстырдым.

Зорлық-зомбылықтың салдарынан анамның қолы әлі күнге дейін дірілдейді. Ал өз басым алкогольді жақтырмаймын. Ішетін адамның бәрі зорлық жасауға бейім болады деп сескеніп отырамын

Зорлық-зомбылықтың салдарынан анамның қолы әлі күнге дейін дірілдейді. Ал өз басым алкогольді жақтырмаймын. Ішетін адамның бәрі зорлық жасауға бейім болады деп сескеніп отырамын

Әкем ішуді қойған соң ренжіткен кездері үшін кешірім сұрайтын. Қазір үйде ол тақырыпты қозғамауға тырысамыз. Еске алсақ тек күлкілі сәттер мен бастан өткен қызық жайттарды айтамыз. Бірақ болған жайттар ұмытылған жоқ, сол кездегі өткен-кеткенді ойласам жүрегім ауырады.

Зорлық-зомбылықтың салдарынан анамның қолы әлі күнге дейін дірілдейді. Ал өз басым алкогольді жақтырмаймын. Ішетін адамның бәрі зорлық жасауға бейім болады деп сескеніп отырамын. Тіпті, жігітімнің кейде сыра ішетінін білгенде онымен айырылысамын деп ойладым. Арақ ішу, дауыс көтеру, ұру дегеннің бәрі мен үшін бір-бірімен байланысты болғандықтан жеке қарым-қатынаста сыйластықтың сақталғанын қалаймын. Сондықтан жігітім дауысын сәл көтерсе, бірден орнына қойып тастаймын. Анам сияқты көнбіс болып қалудан қорқамын.

Айжан, 24 жас

Кішкентай кезімнен анам да, әкем де мені ұратын. Анам үстімде сау жер қалдырмай сабаса да бостан босқа таяқ жедім деген ой болмайтын. Ананың алақаны жұмсақ сияқты. Бірақ әкем қол көтерсе, бүкіл әлемге ашуланатынмын, оны жек көретінмін. Ішпесе, ұрмайды, бірақ қатты ұрысып алады. Мысалы, екі түрлі кесені бірге жинағаным үшін ол менің қандай нақұрыс екенімді сағаттап түсіндіретін. «Анаңа ұқсаған ақымақ, түкке жете алмайтын дарынсыз мәңгүрт» деп әкем қайталайтын. «Оңбаған», «арамтамақ», «надан» деген балалық шағымда жиі естіген сөздер санамда жаңғырып тұрады. Қазір өзімнің саналы, ересек тұлға екенімді түсінсем де бұл сөздер жадымда жатталып қалған. Әр іске кірісерде қолымды байлап, мысымды басып тұрады.

Бір күні қатты таяқ жегенім соншалық, бөлмедегі үлкен сервант үстіме құлап түсті. Ол кезде де үндемедім. «Бүкіл үйде баланы таяқпен тәрбиелейді ғой» деп қабылдайтынмын.

Бірақ 13 жасымда әкем бетімнен шапалақпен тартып жібергенде бәрі өзгерді. Өзімнің қандай мардымсыз екенімді ұқтым. Қыз балаға әкеден таяқ жеген ауыр тиетін сияқты. Мен ұзақ уақыт бойы еркек атаулысын жек көретінмін. Тіпті, оларға деген негатив сезім әлі күнге дейін бар. Белгілі бір жасқа дейін еркектердің махаббатын да қабылдай алмайтынмын. Ешкімнен қамқорлық сезінген жоқпын. Өмірге деген өкпем қара қазандай болғандықтан мектепте жиі төбелесіп, ішімдегіні осылай білдіретін едім. 

Бала кезімде бәрі «Үйдегіні сыртқа шығаруға болмайды, әкең жайлы жаман сөз айтпа. Бұл — ұят. Үндеме» деп айтатын. Содан бері болған жайтты жасырып қана қалғым келеді

Қазір зорлық жайлы әзілге күліп қана қоямын. Мән бермесем ұмытылып кетеді деп ойлаймын. Бірақ балалық шақтағы әкемнің образы ішімде қалып қойғандай, жігіт таңдауда жиі қателесетінім де содан деп ойлаймын. Мектепте психологқа барып жүрдім, бірақ оны естіген туыстарымның келемежін көтере алмай маманмен жолығуды тоқтаттым. Себебі бала кезімде бәрі «Үйдегіні сыртқа шығаруға болмайды, әкең жайлы жаман сөз айтпа. Бұл — ұят. Үндеме», — деп айтатын. Содан бері болған жайтты жасырып қана қалғым келеді

Айбек, 23 жас

Кішкентай кезімде әкем вахталық жұмыста істейтін. Өзі түзде, ал анам үйде ағам екеуімізге қарайды. Әкемнің қарындасы біздің үйдегі бар затты қызғанатын. Өзінің жағдайы нашар әрі қиналған болса керек, бірнеше мәрте үйдегі сары майдың өзін ұрысқа себеп етіп, айғай шығарған. «Мен аш болып отырғанда сендердің тамақтарыңнан қалайша ас өтеді?» — дегенін талай рет естігенмін.

Анам мен оның қайын апасы арпалыса бастады. Ол кісі анамнан әлдеқайда ірі әрі қуатты еді. Мамамды сабап жатқанын көргенде көзімнен жасым нөсерлеп ақты

Сондықтан анам есікті құлыптап жүрді. Біреу қақса, үндемей тыныш жүруімізді сұрады. Бір күні есік қағылды, ешкім көрінбеген соң ашып қарайын дегенде әпкем үйге баса-көктеп кірді. Анамның ағам екеуімізге «Дереу басқа бөлмеге тығылыңдар, оқтау алып, батареяны ұрыңдар», — деді. Біз не істерімізді білмей сасып қалдық. Анам мен оның қайын апасы арпалыса бастады. Ол кісі анамнан әлдеқайда ірі әрі қуатты еді. Мамамды сабап жатқанын көргенде көзімнен жасым нөсерлеп ақты.

Ағам қорыққаннан көрші бөлмеде жылап отырды. Үй іші у-шу, есік алдында төбелес. Сол сәтті еске түсірсем денем қатып қалады. Анамның қор болғанын көріп тұра алмадым. «Мама, ұр» деп қолымдағы оқтауды бердім. Оны туысымыз лақтырып жіберді. Көз алдыңда анаңды сабап жатқанын көру оңай емес. Оның үстіне әкемнің қарындасы қолға түскен затпен ұра берді. Бір кезде мамамның басын телефонмен ұрып жатқанын көрдім. Жұлынған шаш, қан, жылап жатқан анамның бейнесі қатты сескендірді. Қолымыздан түк келмеген соң көршілер келер деп шыңғырып, батареяны ұра бердік. Дәліздегі шу тынышталар емес.

Оқтаумен батареяны ұрғаннан қолым шаршай бастады. Сол сәтте шуды естіген көршіміз есік қақты. Іштегі айғайдан шошып, есікті жұлқып ашып алды. Үйге кіргеннен кейін әпкемді анамнан ажыратып есіктен қуып жібергені есімде. Кейін тыныштық іздеп, басқа қалаға көшіп кеттік. Ол оқиғадан бері біршама уақыт өтсе де әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ес білген уақытта осы жайт туралы анаммен бірнеше рет сөйлестік. Бірақ үрей сол күйі кеткен жоқ. Есік қағылса, дір етемін.

Сол туысымызды сотқа беруге талпынсақ та ағайынның бәрі шулап, ұят болар деп келеңсіздікті жабулы қазан күйінде қалдырды. Ол кісіні әлі күнге дейін ұнатпаймын. Қонақтап келсе, амандаспай, үндемей өтетінмін. Көрген сайын ашуға булығып, анамның ақысын алғым келіп тұрады. Бұл қылығымның қате екенін түсінсем де басқаша істей алмаймын. Ал зорлық-зомбылық жайлы естісем үнсіз қалмаймын.


Гүлшат Мұхитдинова

кеңесші-психолог


Зорлықтың қай-қай түрі де адамның жан-дүниесінің құлдырауына алып келеді, рухани болмысын зақымдайды. Оның салдарынан адамда комплекстер пайда болады. Ол қорқыныш, үрей, ұят сезіне бастайды, кез келген жағдайда өзін кінәлайды. Мұндай сезімнен арыла алмаған адам нәтижесінде құрбан немесе агрессорға айналады, яғни зомбылық адамға тек кері әсер етеді.

Бала кезінде психологиялық не физикалық зорлық-зомбылыққа тап болған адамның ішінде қорқыныш, үрей, сенімсіздік сияқты негатив сезімдер жылдар бойы жиналады. Рухани жарақат көбіне ересек кезде көріне бастайды. Сондықтан одан бір-екі сеанста арылу мүмкін емес. Диагноз қойылғаннан кейін ол кешенді терапия арқылы емделеді. Адам үрейлі шабуыл, мазасыздық секілді ауырлығы орташа жағдайда болса, көбіне психологтың кеңесі де көмектеседі. Ал ауыр диагноз қойылса, психотерапевт не психиатрға жүгіну керек.

Зорлық-зомбылықтың жарақатынан айырылу мүмкін емес. Ол өмір бойы адаммен бірге қалады. Біз сол жүкпен өмір сүрудің амалдарын іздейміз. Келешекте оны ресурсқа айналдыру үшін ұзақ уақыт жұмыс істеу қажет. Қайта қалыпқа келу — ауыр және ұзақмерзімді үрдіс.

Зорлық-зомбылық көрген адам дәрігерге барарда қолдау іздейді. Себебі ол ұят пен әлсіздікті сезінеді. Сондықтан жақын адамдардың қолдауы балалық шақтың жарасын емдеуді жылдамдатып, жеңілдететіні сөзсіз.