Алакөлге барарда қазақстандықтар коронавирусқа тест тапсыруы керек. Өйткені демалыс үйлерін COVID-19 инфекциясына теріс нәтижелі анықтамасы бар адамдар ғана жалдай алады. Бұл туралы «Қазинформ» хабарлады

Облыстық ақпарат орталығының хабарлауынша, бір отбасының бір мүшесі тест анықтамасын әкелсе жеткілікті. Анықтама жеті күнге жарамды. Жағажайда демалушылар кем дегенде екі метр арақашықтықты сақтауы керек. Ал демалыс орындарында адам саны жобалық сыйымдылықтың 50 %-нан аспауы керек. Барлық демалыс базасында  жеке қорғану құралдары, дезинфекция құралдары, термометрлер болуы керек. Демалушылардың өздері де жеке қорғаныс зарттарын алып жүргені абзал. Бұл талаптар Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысымен қабылданды. 

Сонымен бірге, Алакөлдің жағасында демалушыларға медициналық көмек көрсету үшін Қабанбай ауылының дәрігерлік амбулаториясында тәулік бойы қабылдайтын 12 орын әзірленді. Травматология бөлімшесі де тәулік бойы жұмыс істейді. Ал арнайы жедел көмек көрсету үшін Өскемен мен Семей мамандары шақырылады. Қажет болған жағдайда Үржар ауданының ауруханасы науқастарды қабылдайды. Онда өкпені жасанды жолмен желдететін екі аппарат бар. 

Естеріңізге сала кетейік, 13 мамырдан бастап Алакөлде демалуға рұқсат берілген еді. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз