Әлем әдебиетін, ғылыми мақаланы, газет-журналды, қазақша шығармаларды жинаған электрон кітапханалардың тізімін жасадық.

 Дүниежүзілік сандық кітапхана (WDL)

Бұл – ЮНЕСКО және АҚШ конгресінің кітапханасы басқаратын халықаралық сандық кітап қоры. Миссиясы – халықаралық және мәдениетаралық түсіністікті насихаттау, интернеттетегі мәдени мазмұны мол мәліметті сақтау, оқытушылар, ғалымдар және жалпы аудиторияны білім ресурсымен қамтамасыз ету. Мұнда басында 1 236 туынды болған. Қазір ДСК қорында шамамен 19 мыңнан астам кітап бар. Бұл платформада ағылшын, француз, орыс, араб, қытай, испан, португал тіліндегі туындылар жиналған.

 Қазақстандық Ұлттық электрон кітапхана

Кітапхана қорынан дәстүрлі энциклопедиялар, кітаптар мен газет-журналдардан бөлек түркітілдес әдебиетті де табасыз. Электрон кітапхана қолданушылары сирек қолжазбалар және құжаттармен де таныса алады. Әсіресе, жергілікті тарих, мәдениет пен ғылымға қатысты кітап аз емес. Жоба – Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан кітапханалардың ортақ қоры. 

 Гутенберг жобасы

60 мыңнан астам шығарманы жинаған тегін электрон қор. Мұнда электрон кітаптарды epub форматына жүктеп алып немесе онлайн оқи аласыз. Әлем әдебиетінің туындылары бұл кітапханада көп. Мыңдаған кітапқұмар ерікті жоба аясында көп туындыны мұқият тексеріп, сандық түрге көшірді. Электрон кітапхана ағылшын, орыс, француз, неміс, фин, голланд тілінде жұмыс істейді.

 Google Books

Google Books қызметкерлерінің есептеуінше, әлемдегі кітап саны (қайта басып шығарылғандарды санамағанда) 130 миллионнан асады. Компания оның барлығын жаңа форматқа көшіруге ниеттеніп отыр. Қазір электрон кітапхана қорында 25 миллион кітап цифрландырылған.

 Bookshake.net

Платформа оқырмандарына 250 мыңнан астам кіапты электрон форматта жүктеуге мүмкіндік береді. Басқа онлайн кітапханалардан тақырыптық топталарымен ерекшеленеді. Мысалы, жасөспірімдерге арналған кітаптар топтамасында жасөспірім қауымына қызық болуы мүмкін әдебиет легі көрсетілген. Іскерлік, ғылым, білім беру және фантастика жанрларындағы туындылардың түр-түрі бар.

 Elibrary.ru

Ғылым, техника, медицина және білім саласындағы ірі ресейлік ақпараттық-аналитикалық портал. Оның қорында 29 миллионнан астам ғылыми мақала, жарияланым тезистері әрі толық мәтіндері бар. Кітапхана ресейлік ғылыми-техникалық журналдардың 5600-ден астам электрон нұсқасын қамтиды. Оның ішінде 4800-ден астам журнал көпшілікке қолжетімді.

 Flibusta.biz

Онлайн форматта кітап ұсынатын маңдай алды порталдың бірі. Кітапхананың негізгі құндылығы – еркіндік. Сондықтан ұнаған туындыны жүктеу үшін тіркелу міндет емес. Сайттағы кітаптардың жанры сан түрлі. Бұл жерден фэнтезиден бастап, енді пайда болып жатқан заманауи туындыларды таба аласыз. Флибустаның телеграм арнасында сайттағы кітаптарды тегін жүктеу мүмкіндігі бар. Ал қандай кітапты таңдарын білмей жатқан жандарға порталдағы үздік жүз кітап топтамасы көмектеседі.

 Kitap.kz

Ашық кітапхана электрон форматта ғана емес, аудио форматта да кітаптар ұсынады. Бұл сайт қорында қазақ әдебиеті классикасының алтын туындылары бар. Абай жолынан бастап, заманауи әдебиетке дейінгі кітаптарды жинаған қордан қазақ фильмдерінің топтамасын да табасыз. Ал қазақ тілін үйренгісі келетіндерге ашық кітапхана «Дұрыс сөйлейік» айдарын шығарған.

 Loveread.ec

Бұл ресурстың артықшылығы көп. Себебі кітап дүкендерінің сөрелерінде тұрған көптеген туындыны Loveread-тен оқи аласыз. Бірақ шығармалар тек онлайн форматта ашылады, жүктеп алу мүмкіндігі жоқ. Арнайы парақтау жүйесі оқу жылдамдығыңызды арттыруға септігін тигізеді, ал жанрдың көптігі кітапқұмарларды қуанта түседі.

 Google академиясы

Әлемдегі ең үздік ғылыми журналдардың мәліметтері жиналған платформа  ғылым адамына таптырмас қазына. Мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпірінде жарияланған ғылыми еңбектерді кілт сөздер арқылы тауып, олармен танысуға болады. Google академия арқылы зертеуіңізге қажет ақпаратты ақылы не ақысыз түрде жүктеуге мүмкіндік жасалған. Іздеу нәтижесінде жүйе сізге жарияланымдардың сілтемесін береді. Сайт 30-дан астам тілде ақпарат береді.

 ЛИТМИР

300-ден астам жанрда жарты миллион кітабы бар онлайн кітапхананы тіркелмей-ақ қолдана аласыз. Платформаны қолданатындар аз емес. 500 мыңнан астам кітап сүйер қауым бұл онлайн кітапхананың қолайлы екенін айтқан. Оған сайт ішінде талқылауға мүмкіндік беретін пікірлер мен блогтар себеп бола алады. Жас авторлардың да туындылары бұл кітапханада өте көп. 

 Қазақстанның ашық университетінің кітапханасы

«100 кітап» бағдарламасы жайлы естіген боларсыз? Жоба аясында әлемнің үздік оқу орындарының таңдаған кітаптарын Ұлттық аударма бюросы қазақшалап жатыр. Ашық университеттің онлайн кітапханасында «Төртінші индустриялық революция», «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы», «Жасампаз жанның жеті дағдысы» сияқты дүниежүзіне танымал 68 шығарманы онлайн форматта қазақша оқу мүмкіндігі бар. 

 Bookscafe

Мұнда проза, поэзия, фантастикамен қатар діни әдебиет пен драматургия да бар. Қандай да бір кітап оқуды ойлап жүрсеңіз, Bookscafe оқырмандарының пікірін алдын ала шолып шығуыңызға болады. Онлайн кітапхана кейбір батыс классикалық әдебиеттің бірнеше аударма нұсқасын қамтуымен ерекшеленеді.

 Киберленинка ғылыми электрон кітапханасы

Бұл алаңның мақсаты — ғылымды қолжетімді ету. Киберленинкадан ғылыми еңбектердің каталогы арқылы зерттеуіңізді дамытуға көмектесетін жаияланымдарды таба аласыз. Мақаланы толық көре алу мүмкіндігі ыңғайлы. Тегін әрі орыс тілінде қызмет көрсетеді. Мұнда Ресейде және шетелдегі ғылыми еңбектер жинақталып отырады. Ғылыми жұмыстарды кілт сөздер арқылы табуға болады.


Мәтін: Дастан Аққожа

МҰҚАБА: gifhy