Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл жөнінде Vласть хабарлады.

Заң бойынша әрбір қалада бейбіт жиналыс ұйымдастыру әрі өткізу үшін кемінде үш арнайы орын белгіленеді. Тіршілік ету объектілерінің, көлік пен өзге де инфрақұрылымның жұмысын қиындату, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасау сияқты мәселелер бейбіт жиналысты өткізуге рұқсат бермеуге негіз бола алмайды. Өйткені билік нақты орынды белгілеу кезеңінде мұндай кедергілерді ескеріп,  жоюы тиіс. Сондай-ақ, митингіге қатысушылардың бірі заңсыз әрекет жасаса, бейбіт шара тоқтатыла алмайды. 

Бейбіт жиналыс өткізуге құжаттай хабарлама беру мерзімі қысқартылады, ал мемлекет органдары ғимараттарының жанында жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат етіледі.

Бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы ырықтандыру қажетін мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі.

Бұл заң жобасы қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшырады. Олардың айтуынша, жаңа заң бейбіт жиналыстарды өткізу құқығын толыққанды қамтамасыз етпейді.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз