YouTube-те қазақша сапалы контент жасайтын арна табу — кейде бас ауыртатын мәселе. Біз әртүрлі салада қажетке жарайтын 13 қазақша арнаның тізімін жасадық.

 Gulzhannat Nurusheva

Гүлжаннат есімді ару арнасында түрлі тағамның дайындалу жолын көрсетеді. Таңғы асқа, кешкі асқа арналған тағамдамен қатар дәмі тіл үйірерлік «Вупи Пай», «Сүтті қыз», «Сникерс» торттарының да рецепті бар. Видеолары түсінікті әрі қысқа. Торттардың видеосы ең ұзақ дегенде 15 минутқа созылады. Ал ыстық тағамдардың рецептісін бас-аяғы 4-5 минутта түсіндіріп береді. Гүлжанаттың арнасы ас дайындағанда көмекшіңізге айналары анық.

 Sana Ortalygy

Арнаның басшыларының бірі Назерке Құлжабайдың айтуынша, «Сана орталығы» 21 ғасырда қажет дағдыларды, қабілеттерді үйретуге бағытталған. Арнада қаржы сауаттылығы, кітап оқу мен сөйлеу шеберлігінің қыр-сырын үйретететін видеолар бар. Сана орталығы әрдайым көрермен өтінішін орындауға тырысады. Соңғы уақытта ол Instagram-парақшаны дамыту туралы біраз видео шығарды.

 Марфуға Шапиян

Марфуға Шапиянның арнасы ислам дінін тереңірек білгісі келетін жандарды, кітап пен саяхат сүйгіштерді бейжай қалдырмайды. Намаз оқығанда, ораза ұстағанда адам нені ескеруі керек? Бұл сауалға Марфуға Шапиянның арнасында толық жауап бар. Өзі оқыған кітаптары мен көрген фильмдерге тұрақты түрде шолу жасап отырады. Әр дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада арнасында жаңа видео шығады.

 Диас Жорабеков

Диас Жорабеков — «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Қазірде ағылшын тілінен сабақ береді. Өзінің YouTube-арнасында ағылшынды үйренудің қазақша жолын ұсынады. Тек бұл емес. Сонымен бірге, шетелде білім алудың мүмкіндіктерін де бөліседі. Шетел университетіне қалай тегін оқуға түсуге болатыны, магистратуға дайындық жөнінде арнасында бірнеше видео бар.

 Kerege english

Арна ағылшын тілін үйренуге енді кіріскендер үшін пайдалы. Kerege english-та ағылшын грамматикасының негізгі шақтарын, лексикасының негізгі сөздерін үйретуге бағытталған 29 видео бар. «Ағылшын тілінде шығармалар оқиық» деген айдар — арнаның өзіндік ерекшелігі. Бұл айдарда мұғалім ағылшынша бір әңгімені талдап шығады.

 Massaget TV

Массагет сайтының арнасы кез келген жанға қызық болады. Түрлі тақырыптағы видеолардан, түрлі адаммен сұхбаттардан әркім өз қажетін табады. 2012 жылы ашылған арна бұл күнде технология, мәдениет, білім, спорт және әдебиет, психология саласында сапалы контент ұсынады.

 Жасұлан Жұмағали

Лос-Анджелесте тұрып жатқан Жасұлан Жұмағалидің арнасы Америкаға арналған. Көрермендеріне Американың тыныс-тіршілігін көрсетіп, таныстырып жүргеніне бір жыл болды. Осы уақыт аралығында ол көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып үлгерген. Қазір Жасұланның арнасында Америка туралы 17 видео бар.

 DINDIL STUDIO

Балалардың тілін дамытуға бағытталған арна. Айналадағы заттардың, жан-жануарлардың, дене мүшелердің атауын үйретеді. Одан бөлек баланың санауды, сурет салуды меңгеруіне де көмектеседі. Тілі енді шыққан екі-үш жасар бүлдіршіндерден бастап бес жасқа дейінгі балақайларға көруге болады.

 Қошақан балалар әндері

Бұл арнада балақайлардың көңілінен шығатын әндер жинақталған. Олардың арасында кеңінен танымал «Ұзын құлақ сұр қоян», «Қошақаным қайда екен?», «Бақа-бақа балпақ» әндерімен қатар жаңа әндер де бар. Әр әннің минусовкасы қатар ұсынылады. Оқи алатын балаларға әнді караокемен де айуға болады.

 Aidana Kaziyeva

Айдана Казиева — акушер-гинеколог. Мақсаты — қыз-келіншіктердің медициналық сауаттылығын арттыру. Арнасында маңызды гинекологиялық мәселерді түсіндіріп айтады.

 QAZ Kolesa KZ

QAZ Kolesa KZ — көліктер жайлы арна. «Bazar Nazar» айдарында арнаның жүргізушісі Олжас Оқас Қазақстанның және өзге елдердің автобазарына арнайы барып, шолу жасайды. Арнада көліктерге жай ғана шолу жасап қоймай, тест-драйвтан да өткізеді. Осылайша көрерменге көліктің бар артықшылығы мен кемшілігін тізіп береді.

 The Soyle

The Soyle — жастарға арналған жоба. Арнадағы Hakkim айдарында кәсіби заңгерлер құқық сауаттылығы туралы пікір білдіріп, кеңесін айтады. Әзірге заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағалидің қылмыстық кодекске байланысты алты видеосы жарық көрген. Жастарға арналған арна болғанымен заңды білу ешкімге артық етпейді.

 Balmuzdaq Plus

Balmuzdag Plus арнасының ашылғанына екі ай болып қалды. Мақсаты — жастарды стереотип түсініктерден тәуелсіз қылу. Анимациялы бейнероликтері Том мен Фэм есімді кейіпкерлер оқиғасынан басталып, қызықты дерекке жалғасады да кейін бір түйінмен аяқталады. Бұл жоба жақында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясындағы грантын жеңіп алып, қосымша жобалар жасап жүр.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз



МӘТІН: Жансая Алиева

МҰҚАБА: NordWood Themes