Ресейде 232 243 адамда коронавирус анықталған. Соңғы тәулікте 10 899 жаңа жағдай тіркелген. Осылайша бұл мемлекет әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша екінші орынға көтерілді. Бұл туралы Meduza хабарлады.

Эпидемия басталғалы Ресейде COVID-19 инфекциясынан 2 116 адам көз жұмды, оның 107-сі соңғы тәулікте қаза болды. Ал 43 512 адам аурудан айыққан.

Ресейдегі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқаты саласын қадағалау жөніндегі федерал қызметтің мәліметінше, елде коронавирусты анықтайтын 5,8 миллион тест жасалған.

Дүниежүзінде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны бойынша АҚШ бірінші тұр. Онда 1,34 миллионнан астам адам тіркелген. Ресейге дейін екінші орында Испания болған. Бұл елде 227,4 мың адам ауырған. COVID-19 көп тіркелген алғашқы бестікке Ұлыбритания мен Италия да кіреді. 


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз