Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, коронавирустан қайтыс болған науқастың бірі — Шымкент қаласы, Абай ауданының 1968 жылғы тұрғыны.

20 сәуірде ол Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының реанимациялық бөліміне жатқызылып, ӨЖЖ аппаратына қосылған. 

Науқастың дилатациялық кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті сияқты ілеспе аурулары болды.

Реанимациялық іс-шаралардың жүргізілгеніне қарамастан 23 сәуірде сағат 20:30-да науқас қайтыс болды. Ал онымен байланыста болған барлық адам оқшауланып, карантинге алынды.

Tengrinews-тің хабарлауынша, бүгін Астанада тағы бір адам COVID-19 инфекциясынан көз жұмды. 

«Өкінішке қарай, сағат 10:40-та 64 жастағы әйел қайтыс болды. Оның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Жағдайы аса ауыр болды, тыныс алдыру аппаратына қосылды, екіжақты пневмониясы асқынған. Ол Ресей Федерациясының азаматшасы», - деді қала әкімінің орынбасары Бахтияр Макен.

Жалпы, Қазақстанда 2334 адам коронавируспен тіркелген, 23 науқас аурудан көз жұмды, ал 568 адам бұл індеттен жазылған. 


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз