Alibaba-ның құрушысы, миллиардер Джек Ма Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына коронавируспен күрес мақсатында 100 миллион бетперде мен басқа да қорғаныс құралдарын береді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Кәсіпкердің шешімі бүгін қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде жарияланды. Бетпердемен бірге, бір миллион N95 респираторы мен коронавирустың нуклеин қышқылын анықтайтын бір миллион тест беріледі.

Бұған дейін де Джек Маның қорлары мен Alibaba компаниясы ДДҰ-ға 2,2 миллион бетперде мен 20 мың қорғаныс киімі, 20 мың көзілдірік пен өкпені жасанды жолмен желдететін 50 аппарат берген еді. Пандемия басталғалы ол 150 елге, соның ішінде Қазақстанға да көмектесті.  

10 сәуірде Алматығы 500 мың медициналық бетперде, 5 мың қорғаныс киімі, 50 мың медициналық қолғап пен термометрлер жіберілген еді. Сонымен бірге Қазақстанға СOVID-19 инфекциясын анықтайтын жедел тесттер мен өкпені жасанды жолмен желдететін аппараттар әкелінген. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз