Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандардың көбі (27 адам) 30-35 жас категориясына кіреді. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады

Орталық бұл инфекцияны алғаш жұқтырған 250 адамның (қазір барлығы 294 науқас) мәліметін сараптады. COVID-19 диагнозы 20-35 жас аралығындағы 73 адамға (46 әйел, 27 еркек) қойылған.

Коронавирусты жұқтырған 46 науқас 45-64 жас категориясына жатады. Бес жасқа дейінгі категория бойынша үш бала тіркелсе, 10-20 жас категориясындағы адам саны  алтау. Ал жасы 65-тен асқан адам — тоғыз. 

ҚДҰО-ның деректеріне сүйенсек, жеті адамның халі ауыр. 28 науқастың жағдайы орташа деп бағаланса, ал 215 адам аурудың жеңіл түрімен күресіп жатыр. 

Айта кетейік, Қазақстанда барлығы 294 адам коронавирус жұқтырған. Бүгінге дейін оның 20-сы аурудан айықты, ал бір адам көз жұмды. 

Біздің Telegram-каналға жазылыңыз