Алматы әкімдігі карантин режимінің өзгеретінін мәлімдеді. Бейсенбіден бастап қалада қызмет көрсету және сауда объектілері жабылады. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады. 

«Ертеңнен бастап қалада азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға ғана жұмыс істеу рұқсат. Мейрамханалар тапсырысты барлық ережеге сай сағат 22:00-ге дейін жеткізе алады», — деді Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

«Бейсенбіден бастап барлық сауда және ойын-сауық орталықтарынан тыс жерде орналасқан үленді-кішілі дүкендер жұмысын тоқтатады. Ойын-сауық орталықтары, көлік салоны, қосалқы бөлшек сату салоны да жұмыс істемейді. Химиялық тазалау, оптика, ломбард, фотосалон, тұрғын үй агенттігі, автокөлік жуу, ТҚС, кір жуу сияқты қызмет көрсететін орындар уақытша жабылады», — деді ол.

Кейін әкімдіктің баспасөз қызметі жанармай бекеттерінің жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб Алматыдағы қоғамдық көліктің жұмыс уақытын қысқартты. 26 наурыздан бастап метроны қосқанда қаладағы барлық қоғамдық көлік 19:00-ге дейін жүретін болады.

Карантинді қатаң режимге ауыстырудың басты мақсаты — тұрғындардың бір-бірімен көрісу жағдайын барынша азайту.

Біздің Telegram-каналға жазылыңыз