22 наурыз — Орталық Азия халықтары үшін жаңа жылдың бастауы. Бұл күні жайылатын дастарханды Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Халық арасында Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы тоқшылықта болады деген сенім бар. Көже 7 түрлі дән мен ақтан дайындалады. Бірақ Қазақстанның жер-жерінде оның жасалу әдісі мен ерекшеліктері бар. Біз Наурыз көженің пісіру жолдарын еліміздің әр аймағында тұратын қазақстандықтардан сұрастырып білдік.

Сара Құсайынова

Ақтөбе қаласы


Су - 5 литр, тұз

Сүт немесе айран - 1 литр

Ет (қазы, қарта) - 2-2,5 келі

Арпа - 150 грамм

Тары - 150 грамм

Күріш - 150 грамм

Құрт - 7-8 дана

Ең алдымен етті қазанға салып, қайнату керек. Көбігін сүзіп, керегінше тұз салыңыз. Ет піскеннен кейін сүзіп алып, дәндерді жуыңыз. Арпаны салып, 20 минуттан кейін күріш және тарыны салыңыз. Дәндер піскен соң, етті ұсақтап турап, көжеге қосасыз. Ең соңында айран құйып, қышқыл дәм ұнаса, құрт салсаңыз болады.

Жұмабай Қаражанов

Қызылорда қаласы


Су - 5 литр

Сүрленген ет - 2 келі

Сүт - 1,5 литр

Жүгері (ақ, сары) - 100 грамм

Тары - 100 грамм

Күріш - 100 грамм

Маш - 100 грамм

Тұз

Етті шамамен 2-2,5 сағат қайнатасыз. Қалауыңызша тұз салыңыз. Дәнді дақылдарды бір күн бұрын суға жібітіп қою керек. Етті сүзіп алған соң дәндерді саласыз, олар 40-50 минутта дайын болады. Кейін көжеге сүт қосып, етті қазанға салып, дәндермен қоса қайта қайнату керек. Піскен көжеміз тойымды әрі шөл басады. Қазақтың сүйікті сусыны болуының себебі де осында сияқты.

Аманбике Жолмұхамедова

Қостанай қаласы


Су - 4 литр, тұз

Сүрленген ет - 1,5-2 келі

Арпа - 100 грамм

Тары - 100 грамм

Күріш - 100 грамм

Мейіз - 70-80 грамм

Сүзбе - 300-400 грамм

Сүрленген етті пісіріп, сүзіп аласыз. Арпаны салып, қайнағаннан кейін, тары, күріш қосу керек. Дәміне қарай тұз салып, кейін мейіз қосасыз. 15-20 минут қайнағаннан кейін сүзбені саласыз. Осылайша жеті түрлі тағамнан қазақтың ұлттық көжесін жыл сайын дайындаймыз.

Ақмарал Байбуринова

Семей қаласы


Су - 6 литр

Сүт - 1 литр

Сүр ет - 1-2 жілік

Кеспе - 100 грамм

Арпа - 1 кесе

Қарақұмық - 1 кесе

Етті қайнатып, сүзіп аламыз. Арпа қосамыз, қайнағаннан кейін қарақұмықты салып дәнді дақылдарды 20-30 минут пісіреміз. Одан кейін кеспені салу керек. Барлығы піскеннен кейін етті ұсақтап турап, араластырамыз. Қаласаңыз құрамындағы арпаның орнына басқа дәнді қоса аласыз.

Ақжан Ембергенова

Қызылорда қаласы


Су - 4 литр, тұз

Ет - 1,5 келі

Құрт - 1 келі

Жүгері (ақ, сары) - 50 грамм

Маш - 50 грамм

Бұршақ - 50 грамм

Қарақұмық - 50 грамм

Етті 1,5 сағат қайнатып, сүзіп алу қажет. Көбігін сүзуді ұмытпаңыз. Барлық дәнді дақылды алдын ала жібітіп қоямыз. Дәндерді қазанға салып, бір сағат қайнатамыз. Дайын болып қалған кезде сорпаға құртты езіп, барлығын араластырамыз. Көжені суытып, тіпті салқын күйінде ішкен жөн.

Перизат Смайыл

Алматы қаласы

Сүр ет - 2 келі

Бидай - 80 гр

Жүгері - 80 гр

Сөк - 50 гр

Кеспе - 100 гр

Сүзбе 

Айран, құрт

Бір күн бұрын дәндерді бұқтырып қоямыз. Қазы-қарта, етті баптап пісіріп, сүзіп аламыз. Дәндерді сорпаға қосып, қайнатамыз. Осы кезде кеспені салу керек. Әдетте біз кеспені қолдан илеп дайындаймыз. Бәірн салған соң бір қайнатып аламыз да суытып қоямыз. Суығаннан кейін, көжені араластырып, дәміне қарай тұздаймыз. Дайын көжеге айран, сүзбені сала берсеңіз болады. Наурыз көжені ыстық таба нанмен және бауырсақпен ішкен дәмдірек. Ұлттық тағамдардың арасында ерекше орын алатын сусынды осылайша дайындаймыз. 


Мәтін: Ақбота Узбекбай